Таразда бір жыл бұрын аңшылықта қаза тапқан 42 жастағы Серік Көбесовтің ата-анасы ұлының қабіріне барар жолды бөгеп, мәйітті қайта зерттеуге келген полицейлерді өткізбеді. Марқұмның жесірі күйеуінің өліміне қатысты тергеуді қайта бастатса, ата-анасы эксгумацияға қарсы шығып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ulysmedia.kz жазуынша, полиция қызметкерлері зиратқа техникамен және күрекпен келген. Алайда марқұмның туыстары қабірді қазуға жол бермеген.
Серік Көбесов 2025 жылдың қазанында екі туысымен бірге Жамбыл облысының Байзақ ауданына аңшылыққа барып, сол жерде қаза тапқан. Полиция істі абайсызда адам өліміне әкеп соғу дерегі бойынша тергеген. Оқ атқан адам марқұмның әпкесінің күйеуі болған. Бірнеше айдан кейін іс жабылып, ол рақымшылыққа іліккен. Сол кезде Серіктің ата-анасы қарсылық білдірмеген.
Марқұмның әкесі Алмұрат Көбесов ұлының өлімін кездейсоқ оқ атылуымен байланыстырады.
«Көлік еңіс жерде тұрған. Сыртқа шыққан кезде есік қатты жабылып, мылтықтың дүміне тиген. Сол сәтте оқ атылған. Көкбауыры мен өкпесі зақымданып, өкпесіне қан кеткен де, тұншығып қалған. Бірден қайтыс болды», — дейді әкесі.
Мүлік дауы ма, әлде кісі өлтіру ме?
Ал жесірі Мария Көбесова күйеуінің өлімі кездейсоқ болғанына сенбейді. Оның арызынан кейін тергеу қайта басталып, мәйітті қабірден шығарып зерттеу туралы шешім қабылданған.
Марқұмның ата-анасы келінінің әрекетін мүлік дауына байланыстырып отыр. Анасы Минаш Смағамбетованың айтуынша, отбасы жесірге көлік пен Алматыдағы екі пәтерді берген.
«Көлікті де, Алматыдағы екі пәтерді де бердік. Үлкен ұлы сонда тұрып, оқып жатыр. Кішісі үш жасынан бері менімен бірге, осында мектепке барады. Ол келіскен еді. Үш күннен кейін Тараздағы пәтерді талап ете бастады. Өз атына аударуды сұрады. Әйтпесе істі қайта көтеріп, қасақана кісі өлтіру деп айтатынын айтып қорқытты», — дейді марқұмның анасы.
Өртенген көлік пен полицияның жауабы
Мария Көбесова өз кезегінде қайғылы оқиға болған тұста отбасы ортақ бизнесті бөлісіп жатқанын, күйеуінің өз үлесін алғысы келгенін айтады. Сондай-ақ ол тергеу эксперименті кезінде өзі отырған көліктің өртенгенін мәлімдеді. Айтуынша, көлікте мылтық пен іс бойынша заттай айғақтар да болған.
«Жазатайым оқиға болса, мұның ешқайсысы болмас еді. Бірде-бір сараптаманы дұрыс жүргізген жоқ. Оқиғаның мән-жайын тексеруге арналған сараптама кезінде жарылыс болды. Барлық заттай айғақ жойылды, көлік жарылды, өзім әрең аман қалдым. Бәрі дүниеқоңыздықтан, күйеуімнің әкесімен ортақ бизнесі болған», — дейді жесірі.
Жамбыл облысының полиция департаменті жәбірленуші тараптың арызы негізінде тергеу қайта басталғанын растады.
«Тергеу жалғасып жатыр. Жәбірленуші тараптың арызы бойынша қосымша тергеу әрекеттері тағайындалды. Олардың арасында мәйітті эксгумациялау да бар», — деді департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Әзірге мәйіт қабірден шығарылған жоқ. Марқұмның ата-анасы эксгумация туралы шешімге шағымданып, соттың қайта қарауын күтіп отыр. Сонымен қатар айғақтарды жою және сараптама нәтижелерін бұрмалау деректері бойынша да тергеу жүргізіліп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







