Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы тегін вакцинациялау науқаны басталды, бұл үшін 2,1 миллион доза вакцина сатып алынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы егу науқаны басталуда. Халықты тегін вакцинациялау үшін 2,1 миллион доза вакцина сатып алынды. Алғашқы 564 мың доза елге жеткізілді және кезең-кезеңімен өңірлерге жөнелтілуде», – делінген хабарламада.
Вакцина Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларына жеткізілгені атап өтілді. Басқа өңірлерге жеткізу 5 қазанға дейін күтілуде. Вакцина жеткізілген өңірлердегі медициналық ұйымдар тұрғындарды егуді бастап кетті.
Қандай вакцина салынады?
«Науқанды өткізу үшін ресейлік өндірістің «Гриппол®️» вакцинасы сатып алынды. Оның штамдық құрамы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдағы эпидемиологиялық маусымға арналған ұсынымдарына сәйкес келеді», – деп нақтылады ведомстводан.
Бірінші кезекте тұмауға және оның асқынуларына барынша бейім халық топтары тегін вакцина алады. Олардың қатарына медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен қызмет алушылары, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жұқтыру қаупі жоғары азаматтар жатады.
Өңірлерге вакцинациялауды уақытылы бастау және нысаналы топтар үшін оның қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Вакцина салдыруға ең қолайлы уақыт
«Қазан айы – маусымдық аурулардың өршуі алдында екпе алу үшін ең оңтайлы кезең. Екпеден кейін ағзаға иммундық қорғанысты қалыптастыру үшін уақыт қажет. Вакцинация тұмаумен ауыру қаупін және ең алдымен оның ауыр өтуі мен асқыну ықтималдығын төмендетуге көмектеседі», – деп толықтырды Денсаулық сақтау министрлігіндегілер.
Нысаналы топтағы азаматтарға вакцинация туралы ақпаратты нақтылау үшін тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға жүгіну ұсынылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







