«Айтылған сөз – атылған оқ…», ал чаттағы скриншот немесе Instagram-дағы сторис сотқа жүгінуге негіз болуы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Соттар қорлайтын жазбаларды өшіруге, шындыққа жанаспайтын мәліметтерді теріске шығаруға және бөтен адамның фотосуретін келісімсіз жариялағаны үшін моральдық зиянды өтеуге міндеттейді. Бұған жақында қаралған екі көрсеткіш іс дәлел болады.
Өскемендегі Instagram дауы
Өскемен тұрғыны Instagram желісінен жағымсыз контентті байқаған: екі қолданушы оның фотосуретін былапыт сөздермен және оның адамгершілікке жат мінез-құлқы мен «клиенттермен пайдакүнемдік алаяқтықтарына» меңзейтін жазбалармен бірге жариялаған.
Жазба авторлары бұл жарияланымдарын өздерінің «жеке пікірі» екенін айтып, ақталуға тырысқан.
Алайда сот мұндай ұстаныммен келіспеді.
Нақты тұлғаға бағытталған эмоционалды айыптаулар дәлелденуі тиіс тұжырымдар болып табылады. Жауапкерлер мұндай дәлелдерді ұсынбаған. Сонымен қатар адамның фотосуретін оның келісімінсіз орналастыру да құқықтық салдарға әкеп соқтырды.
Нәтижесінде сот жарияланымдарды өшіруге және теріске шығаруды жариялауға міндеттеді. Екі жауапкердің әрқайсысынан моральдық шығын өтемақысы ретінде 300 мың теңге және сот шығындары өндірілді.
Апелляциялық және кассациялық сатылар бұл шешімді күшінде қалдырды.
WhatsApp чатындағы сурет және көршілер дауы
Осыған ұқсас санаттағы істі Астана қаласының Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты эксаумақтық соттылық бойынша қарау үшін Жамбыл облысының Шу аудандық сотына жолдаған. Іс онлайн-форматта қаралды.
Астана тұрғыны тұрғындар жиналысына қатысып, көп ұзамай шамамен 1,5 мың адам тіркелген екі WhatsApp чатынан өзінің фотосуретін көріп қалған.
Сот мессенджердегі скриншоттарды электронды дәлелдеме деп таныды, ал фотосуретті адамның келісімінсіз үлкен аудиториясы бар чатқа орналастыруды оның құқықтарын бұзу деп бағалады.
Бұл ретте сот чаттағы хабарламаларды өшіру талабынан бас тартты, өйткені белгілі бір уақыт өткеннен кейін оларды барлық қатысушылардан өшіруді қамтамасыз ету техникалық тұрғыдан мүмкін емес.
Нәтижесінде талап қоюшының пайдасына екі көршіден моральдық зиян өтемақысы ретінде әрқайсысынан 20 мың теңге өндірілді.
Үшінші жауапкерге қатысты талап оның қатысы бар екендігі дәлелденбеуіне байланысты қанағаттандырылмады.
Жамбыл облыстық соты аталған шешімді қолдады.
Сот тәжірибесінен түйін
Әлеуметтік желілердегі жеке пікір, егер ол адамға қатысты нақты және фактілермен расталмаған айыптауларды қамтыса, жауапкершіліктен босатпайды.
Мұндай мәліметтерді жариялай отырып, олардың дұрыстығын сотта дәлелдеуге дайын болу қажет.
Адамның өз бейнесіне құқығы бар екенін де ұмытпаған жөн. Фотосуретті келісімсіз, соның ішінде топтық чаттарда немесе стористе жариялау құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.
Сот тәжірибесі жазысулардың скриншоттары мен экран түсірілімдері осындай дауларды қарау кезінде электронды дәлелдеме ретінде пайдаланылуы мүмкін екенін көрсетеді.
Материалды пайдаланғанда, дәйексөз келтіргенде немесе көшіріп басқанда ресми дереккөз – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына сілтеме жасау міндетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







