Жетісу облысында кезекте тұрғандар жаңа тұрғын үйлерге ие болды. Кілттерді салтанатты тапсыру рәсімі Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның 90 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар аясында өтті. Қоныс иелерін облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қоныс тойы мен мерейтой
Көксу ауданының Зылиха Тамшыбай ауылында салынған үйлердің кілтін табыстаған Бейбіт Исабаев тұрғындарды қос қуанышымен құттықтады.
«Бүгін ауылдарыңызда бірден екі қуанышты оқиға болып жатыр. Еңбектен бақ тапқан біздің ардақты Зылиха Тамшыбаеваның 90 жылдығына арналған мазмұнды шаралар өтуде. Сонымен қатар біз осы ауылда салынған жаңа үйлердің алғашқы тұрғындарына кілттерін табыстап отырмыз. Президенттің халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бұл үйлерде жайлы өмір сүруге барлық қажетті жағдай жасалған. Әр шаңырақта береке мен молшылық орнасын», – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Баспанаға қол жеткізген кезектегі азаматтар ризашылықтарын жеткізді. Олардың қатарында көпбалалы ана Лаура Азамбаева да бар.
«Біздің отбасымызда 8 бала бар, қазір ата-әже атандық. Жұбайым Марат Әбдіғали Көксу қант зауытында еңбек етеді. Тұрғын үй кезегіне 2023 жылы тұрған едік. Міне, бүгін көптен күткен баспанамызды алдық. Бұл біз үшін үлкен қуаныш», – деді ол.
Әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға қолдау
Айта кетейік, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Зылиха Тамшыбай ауылында 15 жеке тұрғын үй салынды. Бұл күні кезекте тұрғандарға 5 үй берілді. Қалған 10 үй де пайдалануға толық дайын. Әр үйдің жалпы ауданы 73,0 шаршы метрді құрайды. Бұл үйлерді азаматтарға белгіленген тәртіппен тапсыруды «Отбасы банк» АҚ жүзеге асырады.

📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







