Шымкентте креативті индустрия қолөнер мен сахна өнерінің аясынан шығып, тұрақты табыс әкелетін кәсіпкерлік бағытқа айналып келеді. Қалада қазір осы салада жұмыс істейтін 2430 кәсіпкерлік субъект тіркелген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Саланың негізгі орталығы – 2025 жылы ашылған Shymkent Creative Hub. Аумағы 540 шаршы метр болатын кеңістікте көрме және сауда алаңы, сән подиумы, кино мен анимация студиясы, конференц-зал және шеберлік сабақтарына арналған бөлме орналасқан.
Хабта бүгінде 36 резидент жұмыс істейді. Олардың арасында қолөнерші, зергер, суретші, дизайнер, тоқымашы, құмырашы, ағаш шебері және контент жасаушы бар. Орталық шығармашылық мамандарға жұмыс орнын ұсынып қана қоймай, өнімін таныстыруға және сатуға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері мұнда 227 іс-шара мен 79 жәрмеңке ұйымдастырылған. Сол алаңдарда 5200-ден астам бұйым сатылымға шығарылды. Мұндай көрсеткіш шығармашылық өнімге сұраныс бар екенін және идеяны нақты табыс көзіне айналдыруға болатынын аңғартады.
Қаладағы креативті индустрия ұлттық қолөнермен ғана шектелмейді. «Сақ» студиясы екі толықметражды анимациялық фильм шығарды. Шымкентте 20 елдің дизайнерлері қатысқан халықаралық сән көрсетілімі өтіп, отандық сән мен этностиль шетелдік мамандарға таныстырылды.
Creative Aimaq жобасы аясында Астанада Шымкенттің креативті индустрия күндері ұйымдастырылды. Елорда тұрғындары оңтүстік шеберлерінің бұйымын сатып алып, олардың жасалу ерекшелігімен танысты.
Шығармашылық идеяны бизнеске айналдыру үшін қалада Creative Shift акселерациялық бағдарламасы да өткізілді. Қатысушылар бизнес-модель құруды, мақсатты аудиторияны анықтауды, цифрлық платформада өнім ілгерілетуді және инвестиция тартуға дайындалуды үйренді.
Шымкенттің басты артықшылығы – ұлттық дәстүр, қолөнер, сән, анимация және заманауи технологияны бір ортада тоғыстыру мүмкіндігі. Креативті индустрия қаланың мәдени келбетін байытып қана қоймай, жаңа жұмыс орнын ашып, туризм мен шағын бизнестің дамуына серпін береді.
Ендігі міндет – шығармашылық жобаларды тұрақты қаржыландыру, авторлық құқықты қорғау және жергілікті өнімді халықаралық нарыққа шығару. Сонда Шымкент ұлттық мәдениет пен заманауи кәсіпкерлік тоғысқан ірі креативті орталыққа айнала алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







