Шымкентте қазір Ұлы Отан соғысына тікелей қатысқан көзі тірі майдангер қалған жоқ. 2025 жылдың мамырында қалада екі ардагер – Нина Мосунова мен Мұраталы Төлепбергенұлы тұрған еді, алайда кейін қос майдангер де өмірден өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков екі ардагердің үйіне арнайы барып, мерекелік медаль мен құттықтау хаттарын табыстаған. Олардың ауласында әскери оркестрдің қатысуымен жеке шеру ұйымдастырылып, демеушілер жаңа автокөлік сыйлаған. Бұған дейін қос майдангерге пәтер кілті де берілген.
Әлеуметтік көмек көлемі мен төлемдер
Майдангерлер қалмағанымен, Шымкентте соғыс жылдарымен байланысты азаматтарды әлеуметтік қолдау жалғасып отыр. 2026 жылғы дерек бойынша қалада Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген 181 адам және 1280 тыл еңбеккері бар.
Ардагерлерге теңестірілген азаматтарға Отан қорғаушылар күніне орай 45 АЕК, яғни 194 625 теңге көлемінде бір реттік көмек қарастырылған. Тыл еңбеккерлеріне Жеңіс күні қарсаңында 15 АЕК немесе 64 875 теңгеден төленеді. Осындай төлем соғыс кезінде алған жарақаттан немесе аурудан қайтыс болған мүгедектігі бар азаматтардың қайта некеге тұрмаған 60 жұбайына және қаза тапқан әскери қызметшілердің 163 отбасына беріледі.
Баспана беру және тарихи жадты сақтау
Қолдау қаржылай төлеммен шектелмейді. Ардагерлерге теңестірілген азаматтар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына енгізіліп, кейін сатып алу құқығымен жалдамалы пәтер алу мүмкіндігіне ие. 2026 жылғы 17 қарашада Шымкентте осындай санаттарды қамтыған 70 отбасыға баспана кілті табысталды.
Әкімдік Жеңіс күніне орай еске алу кешін, патриоттық кездесу мен концерт ұйымдастырып, ардагерлерге Алғыс хат табыстайды. Мұндай шараның мақсаты – аға буынға құрмет көрсетумен қатар, майдан мен тылдағы ерлікті жас ұрпақ жадында сақтау.
Шымкентте көзі тірі майдангер қалмағаны – тарихи жадты сақтау жауапкершілігін бұрынғыдан да арттырады. Ендігі міндет ардагерлердің есімін ұлықтап, тыл еңбеккерлері мен соғыс салдарын көрген отбасыларға жүйелі қамқорлық көрсету болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







