Жетісу облысында алдағы жылыту маусымына жылу-, су және электрмен жабдықтау нысандарын кешенді дайындау жұмыстары аяқталуға жақын. Негізгі назар коммуналдық инфрақұрылымның сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, әлеуметтік нысандардың дайындығына және қажетті отын қорын қалыптастыруға аударылуда, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Инфрақұрылымды жаңғырту және жөндеу шаралары
Жылыту маусымына дайындық аясында 2 турбинаға, 15 қазандыққа, 10 км жылумен жабдықтау желілеріне, 55,6 км сумен жабдықтау желілеріне, 558 км электр желілеріне және 52 трансформаторлық қосалқы станцияға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Ұлттық жоба аясында Талдықорған қаласында І. Жансүгіров және Біржан сал көшелеріндегі 4,5 км жылу желісі жаңғыртылды. Сонымен қатар Талдықорған қаласының Оңтүстік-Батыс тұрғын үй ауданында қуаты 49 Гкал/сағ болатын жаңа қазандық пен жылу желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа нысан қаланың дамып келе жатқан тұрғын үй ауданын қажетті коммуналдық қуаттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Отын қорын қалыптастыру және халықты көмірмен қамту
Отын қорын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Жылумен жабдықтаушы кәсіпорындар бекітілген кестеге сәйкес 300 мың тонна көмір дайындауда. Бүгінгі таңда қажетті көлем 100% сатып алынды, 145,6 мың тоннасы жеткізілді, қор 96,4 мың тоннаны құрайды. 6,4 мың тонна мазутты жеткізу қазан айынан бастап Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
Бюджеттік ұйымдарды қамтамасыз ету үшін де қажетті отын қоры қалыптастырылды – 15,1 мың тонна көмір және 10,2 млн литр сұйық отын дайындалды.
Қысқы кезеңге дайындықтың маңызды бағыты – халықты көмірмен қамтамасыз ету. Облыс тұрғындарының жалпы қажеттілігі 375 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда қалалар мен аудандар әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, халыққа жалпы қажеттіліктің 60%-ы сатылды. Тұйықтар мен қоймаларда 27,8 мың тонна көмір қоры жинақталған.
– Алдағы жылыту маусымына коммуналдық инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандар мен отын базасын дайындау жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жалғасуда. Алдын ала болжам бойынша, Жетісу облысында жылыту маусымын 2026 жылғы 15 қазанға дейін бастау жоспарланған, – деді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Азамат Бейсбаев.
Жалпы өңірде 23 қазандық және 1 ЖЭО жұмыс істейді. Жылу желілерінің ұзындығы 393 км, сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы – 3 957 км, кәріз желілерінің ұзындығы – 632 км. Электрмен жабдықтауды 13,8 мың км электр желісі және 2 644 трансформаторлық қосалқы станция қамтамасыз етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







