«Ертіс достық өзені — даму өзені» II халықаралық форумының қатысушылары Павлодардағы бағдарламаны өзен экспедициясымен жалғастырды. Қазақстан мен Ресей өңірлерінен келген делегациялар теплоходпен өзен вокзалынан Павлодар портына дейін барды. Сапар барысында Ертіс жағалауының дамуы, жаңа көпір құрылысы және экологиялық жобалар таныстырылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Павлодардың орталық жағалауы 6 шақырымнан астам аумаққа созылып жатыр. Ол еліміздегі ең ұзын әрі абаттандырылған жағалаулардың бірі саналады. Мұнда жағажайлар, айлақтар, бақылау алаңдары, балалар бассейні мен тұрғындардың демалысына арналған орындар орналасқан.
2026 жылы Ertis Promenade қаланың негізгі мәдени алаңдарының біріне айналды. Жазғы маусымда жағалау сахнасында 300-ден астам концерттік және ойын-сауық іс-шарасы ұйымдастырылды. Мұнда Роза Рымбаева, Raim, Sadraddin, «Ирина Кайратовна», Jay Sean, Burito, Fly Project және Светлана Лобода секілді танымал өнерпаздар өнер көрсетті.
Өзен экспедициясы қонақтарға жағалаудың туристік және қоғамдық кеңістік ретіндегі мүмкіндігін бағалауға жол ашты. Ертіс қаланың көркін айқындайтын табиғи нысанмен қатар, мәдени өмірдің де орталығына айналып келеді. Жағалауды жүйелі дамыту Павлодардың туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ертіс үстіндегі бірегей көпір
Форум делегаттарына Ертіс өзені арқылы салынып жатқан жаңа көпірдің құрылысы да көрсетілді. Қазіргі автокөлік көпірі 1962 жылы пайдалануға берілген және республикалық маңызы бар Қызылорда-Павлодар-Успен-Ресей шекарасы тасжолының бойында орналасқан. Ескі нысан бүгінгі жүк көтерімділігі мен өткізу қабілетіне қойылатын талаптарға толық сәйкес келмейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бері Ертіс үстінен экстрадозды көпір салынып жатыр. Қазақстанда баламасы жоқ нысанның құны 71,4 млрд теңгені құрайды. Төрт жолақты қозғалысқа арналған көпірдің дайындығы 80 пайызға жетіп, оны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Форум аясында Ертіс өзенін балықтандыруға арналған экологиялық акция ұйымдастырылды. Делегация мүшелері өзенге мың бекіре шабағын жіберді. Бастама су экожүйесін сақтап, бағалы балық түрлерінің қорын қалпына келтіруге бағытталған.
Өзенді балықтандыру жұмысы Павлодар облысында жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2025 жылы Ертіске 88 мың бір жылдық бекіре жіберілсе, 2026 жылы салмағы ірі тағы 5 мың балық жіберу көзделген. Өзен экспедициясы Ертістің Қазақстан мен Ресей өңірлерін байланыстыратын табиғи, көлік және экологиялық артерия ретіндегі маңызын айқын көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







