Өңір басшысы Майқайыңдағы негізгі жобалардың жүзеге асырылуын және Баянауыл туристік аймағының даму барысын тексерді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алдымен ол кентті орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін жалғыз қазандыққа барды. Бүгінде бұл нысан 143,5 мың шаршы метр аумақты жылытып отыр, алайда жеке сектордың басым бөлігі әлі де орталықтандырылған жылуға қосылмаған. Сондай-ақ техникалық аудит коммуналдық желілердің әбден тозғанын көрсетті.
Мәселені шешу үшін облыс әкімдігі өткен жылдың тамыз айында «Алтыналмас» АҚ-мен 4,6 млрд теңгеге меморандум жасасып, Майқайыңды дамытудың үш жылдық жоспарын бекітті. Инвестор қазандықты жаңғыртуға қатысса, облыс коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартуды өз мойнына алады.
«Майқайың бойынша біз қордаланған мәселелерді кешенді шешу жолына түстік. Он мың тұрғыны бар кентті жылумен қамтамасыз ету бойынша ондаған жылдар бойы тиісті шешім табылмай келген еді. Инвестор тарту жылдар бойы кейінге шегеріліп келген жобаларды бастауға мүмкіндік берді», – деп атап өтті Асаин Байханов.
Қазандық жылыту маусымына толық дайын. Келесі жылы мұнда екі жаңа су жылыту қазандығы орнатылады, ал 2027 жылдың күзінде жаңғырту жұмыстары толық аяқталады. Бұл жеке сектордағы мыңнан астам жаңа абонентті орталықтандырылған жылуға қосуға жол ашады. Сонымен қатар жылу желілері тартылып жатыр.
Қоқыс және кәріз жүйесі мәселесі
Бұдан бөлек, облыс қоқыс мәселесін шешуге белсенді кірісті. Қазан айының соңына дейін Майқайыңға арнайы қоқыс таситын көліктер мен 200 жаңа контейнер жеткізіледі. Сонымен бірге қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын реконструкциялау басталады. Өңір басшысы коммуналдық қызметтер арасында жауапкершілікті бір-біріне ысырып тастауды тоқтатып, қалдықтарды басқарудың бірыңғай жүйесін құруды тапсырды.
Кенттегі тағы бір көпжылдық өзекті мәселе – тозған кәріз жүйесі. Жоба аясында қолданыстағы 12,5 шақырым коллекторды санациялау, жаңа учаскелерді, бұру коллекторын салу және тазарту жүйесін жаңарту қарастырылған. Облыс әкімі жобаны кейінге қалдырмай, жұмыстарды 2026 жылы бастап, 2027 жылы аяқтауды тапсырды. Қажет болған жағдайда өңір оны өз қаражаты есебінен қаржыландыруға дайын.
Әлеуметтік сала мен тұрғын үй құрылысы
Сонымен қатар Майқайыңда алғаш рет жаңа әлеуметтік инфрақұрылым бой көтеруде. Желтоқсан айында құны 2,3 млрд теңге болатын, ауданы 1,8 мың шаршы метр Балалар өнер мектебін ашу жоспарланған. 1970 жылы салынған ескі ғимарат апатты жағдайда еді. Жаңа мектеп акт залымен, музыкалық аспаптармен, жиһаздармен және қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі.
Кенттің тұрғын үй қоры да жаңарып жатыр. Қазан айында 36 пәтерлі үш қабатты үйді пайдалануға беру жоспарланған.
Баянауылда да тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Мұнда 57 пәтерлі үш қабатты үйдің құрылысын қараша айында аяқтау көзделген. Жалпы, Баянауыл ауданы тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша облыстың ауылдық аудандары арасында көш бастап тұр. Мұнда қазірдің өзінде 3 645 шаршы метр баспана пайдалануға берілді.
Туристік инфрақұрылымның қарқыны
Баянауылда өңір басшысы туристік инфрақұрылымның дамуын да тексерді. Бір жыл ішінде облыстағы ішкі туристік ағын 26 пайызға, ал сырттан келушілер 18,1 пайызға артқан. Нөмірлік қор 6,2 пайызға, орналастыру нысандарының саны 8 пайызға өсті.
Жасыбайда құны 1,1 млрд теңгеден астам орталық жағажай жаңартылды: мұнда шатырлар, шезлонгтар, душ кабиналары, фуд-корттар, арнайы жолдар, балалар және спорт алаңдары, футбол мен волейбол алаңдары бой көтерді.

Соңғы уақытта курорттық аймақта «Сарыарқа сыры» визит-орталығы, Сабындыкөл жағалауы және панорамалық шолу алаңы ашылды. Жеке инвесторлар «Березовая роща» қонақүйі мен «Пегас» жанар-жағармай құю бекетін салды.
Келесі ірі жоба Торайғыр көлінің жағажайын абаттандыру болмақ. Бұл мақсатқа 2027 жылға 867,9 млн теңге қарастырылған.
Сапар қорытындысы бойынша Асаин Байханов қазандық пен жылу желілерін жаңғыртуды үйлестіруді, кәріз жүйесін жаңартуды жеделдетуді және қалдықтармен жұмыс істеудің толыққанды жүйесін құруды тапсырды. Сондай-ақ туризмді дамытуға бағытталған барлық жобалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!








