2026 жылғы 3 қазанда Көкжайлауда Алматы жастары мен студенттерінің қатысуымен ағаш отырғызу бойынша экологиялық акция өтті. Бұл бастамаға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «Kazakh Tourism Development Ltd.» бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев, сондай-ақ бейінді ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Акция аясында қатысушылар 2 000-ға жуық Шренк шыршасын отырғызды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экологиялық акция Almaty SuperSki жобасы төңірегінде Алматы жастарымен өткен ашық диалогтың жалғасы болды. Бұған дейін жас қала тұрғындары жобаны, оның таулы аумақтарды дамытуға тигізетін әсерін және Көкжайлаудың болашағын талқылау бастамасын көтерген еді. Бірқатар кездесулер барысында студенттер мен жастар көкейдегі сауалдарын қойып, өз пікірлерін білдірді және жоба өкілдерімен ұсыныстарын талқылады.
Жастардың экологиялық акцияға қатысуы осы диалогтың практикалық жалғасына айналды. Жас алматылықтар ағаш отырғызуға жеке өздері қатысып, табиғи аумақты сақтауға үлес қосты. Акция экологиялық мәдениетті, тауларға ұқыпты қарауды қалыптастыруға және өскелең ұрпақты нақты табиғатты қорғау бастамаларына тартуға бағытталған.

Табиғатты қорғау мен туризм үйлесімі
Негізгі оқиға ретінде басшылық пен шақырылған қатысушылар бірлесіп алғашқы ағашты отырғызды. Осыдан кейін жиналғандар учаскелерге бөлініп, жаппай ағаш отырғызуға кірісті.
«Бүгін болашақ Көкжайлау курортының аумағында ағаш отырғызу бойынша экологиялық акция өтіп жатыр. Бұл – Алматы мен бүкіл өңірдің туристік дамуына жаңа серпін беруге, қала тұрғындары мен оның қонақтары үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға арналған маңызды жоба. Бұл ретте туристік инфрақұрылымды дамыту табиғатты сақтауға ерекше назар аудара отырып жүзеге асырылуы тиіс. Біз табиғатты жауапкершілікпен пайдалану қағидатын басшылыққа аламыз: бір ағаш кесілсе, орнына он ағаш отырғызылады. Сонымен қатар туристік кластерді жүзеге асыру аймағындағы Қызыл кітапқа енген бірде-бір ағаш көшірілмейді немесе кесілмейді. Барлық экологиялық талаптар сақталған жағдайда, жобаны жүзеге асыру туризм мен экономиканы дамытуды табиғи мұраны сақтаумен ұштастыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Бұл – біз сақтап, болашақ ұрпаққа табыстауымыз керек байлық», – деп атап өтті Ә. Қуантыров.
Жастардың бастамасы және жауапты көзқарас
Алматы әкімі Д. Сатыбалды жас қала тұрғындарының экологиялық бастамаларға қатысуының маңыздылығын атап өтті: «Таулар – Алматының және оның болмысының ажырамас бөлігі. Жастардың қаланың және оның табиғи аумақтарының болашағына қатысты мәселелерден шет қалмауы біз үшін өте маңызды. Мұндай бастамалар тек экология туралы сөз қозғап қана қоймай, табиғатты сақтау бойынша нақты жұмыстарға жеке қатысуға мүмкіндік береді».
Ержан Еркінбаев экологиялық шаралар Almaty SuperSki жобасын іске асырудың келесі кезеңдерінің алдында жүруі тиіс екенін жеткізді.
«Біз үшін Алматы жастарының қала болашағына, тауларымыз бен Көкжайлауға өзі қызығушылық танытып отырғаны маңызды. Біз бірнеше ашық кездесу өткізіп, жастардың пікірін тыңдадық және сұрақтарына жауап бердік. Біздің ұстанымымыз қарапайым: кез келген даму табиғатқа құрметпен қараудан басталуы керек. Сондықтан Almaty SuperSki жобасын жүзеге асырудың келесі кезеңдеріне дейін біз нақты экологиялық іс-қимылдардан бастаймыз. Жаңа ағаштар отырғызу – осындай қадамдардың бірі. Көкжайлау Алматының өкпесі болады», – деді ол.
Шараға студенттер мен жас қала тұрғындары, соның ішінде бейінді бағыттардың өкілдері қатысты. Акцияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биология және биотехнология факультетінің ботаника және агроэкология кафедрасы мен басқа да бейінді ғылыми ұйымдардың мамандары атсалысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







