Елдегі ең бай мұнай-газ кеніші саналатын Қарашығанаққа апаратын стратегиялық трассаның ой-шұңқыры мен шексіз жамауы халықтың ашу-ызасын туғызып, қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
40 жыл бойы жөндеу көрмеген күрежол
Атыраулық қоғам белсендісі Нұрлан Жунасов премьер-министр Олжас Бектенов пен Батыс Қазақстан облысының әкіміне бейнеүндеу жолдап, Орал – Ақсай бағытындағы әбден тозған күрежолдың нақты сиқын көрсетті. Белсендінің айтуынша, бұл магистральға соңғы 40 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жол бойындағы шұңқырлар мен сапасыз салынған жамаулар жүргізушілердің көлігін талқандап, жүйкесін жұқартып бітті.
Аталған жазба желіге шыққан бойда жұрт наразылығын жаппай жаудырды. Әлеуметтік желіде қолданушылар жыл сайынғы бюджетті жеп жатқан формальды «жамау-жасқаудан» түк пайда жоқ екенін айтып, бұл күрежолды салу мен күтіп ұстауды тікелей Karachaganak Petroleum Operating (KPO) консорциумының бақылауына беруді ұсынып жатыр.
Құрылыс неге баяу жүріп жатыр?
Негізінен, ұзындығы 144 шақырымды құрайтын Подстёпное – Фёдоровка – РФ шекарасы (Орал – Ақсай) тасжолы сонау 1970 жылдары төселген. Ол кезде мұндай алып тонналық ауыр техника ағыны қарастырылмаған да болатын. Төрт учаскеге бөлінген ауқымды реконструкция 2022 жылы басталғанымен, қаржының кешігуі мен уақытша айналма жолдардың кесірінен құрылыс қарқыны әлі тым баяу.
Мемлекет қазынасына миллиардтаған доллар пайда түсіріп отырған алпауыт кеніштің табалдырығындағы 144 шақырым жолды тәуелсіздік алған 30 жылда бір рет дұрыстап сала алмау — жауапты ведомстволар үшін нағыз масқара.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жол сапасын еліміздің басты «ахиллес өкшесі» деп бекер айтпаған еді. Биыл ғана жол жөндеу кезінде 1670 ақау анықталып, салғырттығы үшін техникалық қадағалаудың 22 маманы қуылыпты. Бірақ қарапайым халық үшін сандар мен кадрлық шешімдерден гөрі, діттеген жеріне аман-есен жететін тегіс асфальт қымбат болып тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







