Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін ағзаларын мұқтаж жандарға беруге ресми түрде келісім білдірген азаматтардың қатары соңғы бір жылда 68 пайызға артты. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша eGov порталында 17 158 азаматтың оң шешімі тіркелген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
4 800-ден астам науқас өмір мен өлім арасында
Келісім білдірушілердің қатары артқанымен, ағза ауыстыруға мұқтаж науқастардың кезегі әлі де азаяр емес. Қазіргі уақытта трансплантацияны күту парағында 4 867 адам тұр, олардың 126-сы – кәмелетке толмаған балалар.
Биылғы тоғыз айдың ішінде елімізде 208 ағза трансплантациясы жасалған. Оның тек 42-сі ғана қайтыс болған адамдардың (мәйіттік донорлық) есебінен жүзеге асырылды, қалғаны тірі туыстық донорлардан алынған. Мамандардың айтуынша, бір мәйіттік донор жүрегі тоқтағаннан кейін өкпесі, бауыры, бүйрегі мен жүрегі арқылы бірнеше адамның өмірін ажалдан арашалап қалуға мүмкіндік береді.
Қалалар жасыл түске боялады: ерекше акция
Қоғамда донорлық мәдениетті дамыту және халықтың назарын осы өзекті түйткілге аудару мақсатында 8 қазан күні кешкі сағат 20:00-де еліміздің бірқатар қалаларында маңызды нысандарға арнайы жарық беріледі. Еуропалық донорлық және ағзаларды трансплантациялау күніне орайластырылған бұл шара адамдарды өзгелерге өмір сыйлауға үндеуді көздейді.
Астанада «Бәйтерек» монументі, EXPO кешені аумағы, Бейбітшілік және келісім сарайы мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бас ғимараты жасыл түспен жарқырайды. Сондай-ақ аталған акция Қарағанды, Талдықорған және Ақтөбе қалаларындағы көрікті орындарда да жалғасын табады.
Әр азаматтың дербес әрі ерікті таңдауы
Қазақстан заңнамасына сәйкес, қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа рұқсат беру немесе одан бас тарту – әр азаматтың жеке әрі толық ерікті шешімі. Кез келген адам электронды үкімет порталы (eGov) арқылы өзінің таңдауын заңды түрде рәсімдеп, кез келген уақытта оны өзгерте алады.
Дәрігерлер бұл мәдениеттің қоғамда терең тамыр жаюы мыңдаған отбасының үмітін жалғап, созылмалы дертке шалдыққан талай науқастың толыққанды өмірге қайта оралуына жалғыз мүмкіндік екенін алға тартуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







