Шығыс Қазақстан облысында өтіп жатқан «Шығыс салбурыны – 2026» І Азия кубогы аясында қаршыға ұшыру және бүркіт салу жарыстарының қорытындысы жарияланды. Екі күнге созылған дүбірлі додаға 10 елден 170-тен астам құсбегі қатысып, ұлттық саятшылық өнердің озық үлгілерін көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дала төсін қанатымен қақ жарып, көкке самғаған 170-тен астам қыран көрерменнің делебесін қоздырды. Құсбегілердің баптау шеберлігі мен қырандардың алғырлығы сынға түскен жарыста әр қатысушы өз өнерін ортаға салды. Бүгін ақтық бәсекеде ең жүйрік құстар мен оларды бабына келтірген үздік баптаушылар анықталды.

Қаршыға ұшыру сайысының қорытындысы
Қаршыға ұшыру сайысында Түркістан облысынан келген Махмұдхан Зәки үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Екінші орын Жамбыл облысының өкілі Бабажан Берікболсынға бұйырды. Ал Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Мүбәрак Халифа мен Астана қаласынан келген Ерасыл Серікболұлы баптаған қаршығалары үшінші орынға тұрақтады. Қаршыға жарысының жеңімпазы Махмұдхан Зәки шараның ұйымдастырылуы мен деңгейіне өз бағасын берді.
– Қаршығам жақсы нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленгеніме қуаныштымын. Осындай ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, әр өңірдің құсбегілерін бір алаңға жинаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Бұл сайыс – ата-бабамыздан қалған саятшылық өнерін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттаудың тамаша мүмкіндігі, – деді Түркістан облысынан келген жеңімпаз Махмұдхан Зәки.
Бүркіт салу бәсекесінде Жамбыл облысының өкілі Серікболсын Жалғасұлы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Астана қаласынан келген Ерасыл Серікбекұлына бұйырса, үшінші орынды Ақмола облысының құсбегісі Тастанбек Бергенбай мен Алматы қаласының өкілі Аяжан Даниярқызы иеленді.
Ұлттық мұраны дәріптеудің маңызы
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев шараның ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызына тоқталып, мұндай халықаралық жарыстар саятшылық өнерді дамытуға, құсбегілік дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізуге және елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– «Шығыс салбурыны» – халқымыздың бай мұрасын дәріптеп, ұлттық дәстүрімізді жаңғыртатын маңызды шара. Биылғы жарысқа он елден 170-тен астам құсбегінің қатысуы саятшылық өнерге деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай ауқымды бәсекелер құсбегілік дәстүрді кеңінен насихаттап қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыруға да ықпал етеді. Біздің міндетіміз – ата-бабадан аманат болған осы асыл мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізу, – деді Айдар Садырбаев.
Сонымен қатар «Шығыс салбурыны – 2026» І Азия кубогы қорытындысы бойынша жүлделі орындарды иеленген тазы иелері, асау үйрету, жамбы ату, теңге ілу және «Толағай жарысы» бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерде марапатталды.
Тарихы тереңде жатқан бұл дода жыл сайын қансонардың көркіне айналып, қазақтың аңшылық өнерін, қыран құс пен жүйрік аттың қадірін дәріптейтін ұлттық сипаттағы мерейлі мереке айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!


