Таяу Шығыстағы стратегиялық су күретамыры саналатын Ормуз бұғазында кезекті қауіпті оқиға орын алды. Бортында 2 миллион баррель шикі мұнай тиелген «Saudi Aramco» мемлекеттік компаниясының алып супертанкері бұғаздан шығар тұста теңіз минасына соғылып, жарылыс болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаһандық мұнай тасымалының бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазындағы бұл жарылыс әлемдік энергетикалық қауіпсіздікке үлкен соққы болды. Алып кеме Парсы шығанағынан халықаралық суларға қарай шығып бара жатқан сәтте су асты минасына тап болған.
Кемеге келген зақымның көлемі мен экипаждың жағдайы нақтылануда. Алайда 2 миллион баррель көлеміндегі шикізат тасыған кеменің нысанаға ілігуі аймақтағы танкерлер қатынасын күрт шектеп, теңіз тасымалының сақтандыру құнын еселеп қымбаттатып жіберді.
Сауд Арабиясы бес күндік бітім сұрады
Төтенше жағдайдан кейін Сауд Арабиясының ресми билігі көршілес Оман Сұлтанатына шұғыл өтініш білдірді. Эр-Рияд Оманнан аймақтағы қарулы қақтығысты кем дегенде 5 күнге тоқтатуға ықпал етуді және тараптар арасында бітімгерлікке арағайын болуды сұраған.
Сарапшылардың пікірінше, бес күндік оқ атуды тоқтату туралы өтініш өңірде өтуі тиіс халықаралық ірі мұнай конгресімен тұспа-тұс келіп отыр. Корольдік әлемдік энергетикалық элита жиналатын маңызды саммит кезінде жаңа әскери шабуылдардың орын алуынан және отын нарығының бақылаудан шығып кетуінен қауіптенеді.
Жаһандық мұнай нарығына төнген қауіп
Соңғы күндері Сауд Арабиясындағы әуежайлар мен инфрақұрылымдарға жасалған әуе соққыларынан кейін теңіз жолдарының миналануы жағдайды одан әрі ушықтырды. Тұрақты түрде зымыран мен дрон соққыларына ұшырап отырған өңірде енді теңіз сауда дәліздерінің жабылу қаупі туындап отыр.
Ормуз бұғазындағы кез келген тосқауыл әлемдік нарықтағы «қара алтын» бағасының шарықтауына және мұнай тапшылығына алып келеді. Оман дипломатиясының көмегімен уақытша бітім орнамаған жағдайда, Парсы шығанағындағы әскери шиеленіс жаһандық энергетикалық дағдарысқа ұласуы әбден ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







