АҚШ-тағы кезекті инфляциялық көрсеткіштердің болжамнан жоғары шығуы жаһандық қор нарығында үлкен дүмпу туғызып, жасанды интеллект саласындағы жетекші компаниялардың акциялары бір күнде 10 пайыздан астам құлдырады. Дегенмен қаржы сарапшыларының пайымдауынша, инфляция сатылымның негізгі себебі емес, тек жылдар бойы жинақталған ішкі түйткілдердің сыртқа шығуына түрткі болған триггер ғана, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Уолл-стриттегі дүрбелең жасанды интеллект индустриясының жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Саладағы жаппай арзандаудың артында жүйелі үш фактор жатыр.
Бірінші себеп: Баға емес, үміт көпіршігі
Көпшілік арасында «жасанды интеллект акциялары тым қымбаттап кетті» деген түсінік бар. Алайда Nvidia немесе Micron сияқты алпауыттардың нақты қаржылық мультипликаторлары (P/E қатынасы) соншалықты асыра бағаланбаған. Негізгі көпіршік бағада емес, табыстың өсу қарқынына қойылған шектен тыс үміттерде болып отыр.
Мұның жарқын мысалы – озық стартап саналатын Anthropic компаниясының нәтижелері. Компания инвесторларға үшінші тоқсандағы түсімі 16,8 миллиард долларға жеткенін, яғни өткен тоқсанмен салыстырғанда 50 пайызға өскенін мәлімдеді. Қалыпты бизнес үшін тоқсан сайын 50 пайызға өсу – таңғаларлық жетістік. Бірақ бұған дейін Anthropic тоқсан сайын 140 пайыздық өсім көрсетіп келген еді. Нарық өсімнің жоқтығынан емес, өсу қарқынының бәсеңдеуі мен өздерінің тым жоғары күткен үміттері ақталмағандықтан акцияларды жаппай сатып жатыр.
Екінші себеп: Арзан қарыздардың өтеу мерзімі келді
Көптеген технологиялық компаниялар нөлдік немесе өте төмен пайыздық мөлшерлемелер дәуірінде қомақты несиелер алған болатын. Енді сол борыштарды әлдеқайда жоғары пайызбен қайта қаржыландыру (рефинансирование) кезеңі басталды.
Бұл тығырық CoreWeave мысалынан анық көрінеді. Компанияның купондық мөлшерлемесі 9,75% болатын облигациялары бір доллар үшін 81 центке дейін арзандап, нақты кірістілігі 15 пайыздан асып кетті. Дефолттан сақтандыру құны (CDS) бірден 881 базистік тармаққа дейін шарықтады. Салдарынан акциялар бір-ақ күнде 15,5 пайыз құнын жоғалтты. Облигациялар нарығы акциялардан бұрын дабыл қақты.
Керісінше, қолында орасан зор еркін ақшасы бар Apple кеше 0,5 пайызға қымбаттап, капитализациясы 5 триллион доллардан асты. Себебі нарық қарызға батып инфрақұрылым салмаған, шығыны аз компанияларды қауіпсіз айлақ ретінде бағалап отыр.
Жасанды интеллект секторы қазір екіге бөлінуде: қолында дайын қолма-қол қаржысы бар алыптар және қарыз есебінен өмір сүріп жатқандар.
Үшінші себеп ретінде АҚШ-тағы президенттік сайлаудың жақындауы мен геосаяси белгісіздіктердің артуы сауда алаңдарындағы жүйкеге қосымша салмақ түсіруде.
Нарық қатысушылары нені ескеруі керек?
Қалыптасқан жағдай инвесторларға, трейдерлер мен бизнеске нақты тактикалық өзгерістер енгізуді талап етеді:
Инвесторлар үшін: Тек өсім қарқынына ғана емес, компаниялардың борыштық балансына үңілетін кез келді. Басты сынақ қазан айының соңында жарияланатын Microsoft, Amazon, Meta және Alphabet есептері болмақ. Егер осы гиперскейлерлер дата-орталықтар мен чиптерге бөлінетін күрделі шығындарды (CAPEX) қысқартатынын айтса, бүкіл құндық тізбекке қысым күшейеді. Ал инвестициялық жоспар сақталса, секторға екінші тыныс ашылуы мүмкін.
Трейдерлер үшін: Ағындардың асимметриясын ескеру маңызды. Goldman Sachs бағалауынша, егер S&P 500 индексі небәрі 2 пайызға құлдыраса, трендтік қорлар (CTA) нарыққа 45 миллиард долларлық акцияны лақтырып тастайды. Ал нарық 2 пайызға өссе, олардың сатып алу көлемі небәрі 5,5 миллиард долларды құрайды.
Кәсіпкерлер үшін: JPMorgan бастаған ірі банктер несиелік талаптарды қатаңдатуға көшті. Егер бизнесіңізге алдағы 12–18 ай ішінде қарызды қайта қаржыландыру қажет болса, оны келесі жылға қалдырмай, дәл қазір шешу керек. Өйткені АҚШ-та ақша қымбаттаса, оның салқыны көп ұзамай бүкіл әлемге тарайды.
Жасанды интеллект нарығы тоқырауға ұшырады ма?
Қазіргі құлдырауды толыққанды дағдарыс деп бағалауға әлі ерте. Жасанды интеллект технологияларына деген сұраныс жойылған жоқ. Мәселен, танымал OpenRouter платформасындағы тәуліктік токендер көлемі шілденің ортасынан бері үш еседей өскен.
Басты проблема сұраныста емес, монетизация мен бағаның түсуінде болып отыр. Нарықтағы токендер үлесі бойынша қытайлық ашық (open-source) модельдер алдыңғы қатарға шығып, қызметтердің бағасын жаппай төмендетуде. Осы арзан баламалар америкалық алыптардың маржасын жеп жатыр.
Жақын күндері нарықтың тағдыры екі басты оқиғаға байланысты шешілмек: бірі – қазанның аяғында өтетін АҚШ Федералды резерв жүйесінің жиыны болса, екіншісі – алып корпорациялардың жасанды интеллектке шынымен қанша ақша құюға дайын екенін көрсететін тоқсандық есептері.
Көпіршік жарылған жоқ, бірақ нарық жалаң уәделерден нақты кірісті талап ететін қатал кезеңге көшті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







