Қазақстанда кәсіпкерлік субъектілеріне берілген жаңа несиелердің көлемі жылдық мәнде 19,6 пайызға өсіп, 15,8 триллион теңгені құрады. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚА) талдау орталығы жариялаған тоғыз айлық шолуға сәйкес, нарықтағы өсім жаңа компаниялардың есебінен емес, бұрыннан несие алып жүрген ірі қарыз алушылардың қаржы тартуымен байланысты болып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Несиенің 85 пайызы үш салаға тиесілі
Биылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша банктен несие алуға ниетті кәсіпорындардың жалпы үлесі іс жүзінде өзгермей, 14,7 пайыз деңгейінде сақталды (өткен жылы орташа көрсеткіш 14,9 пайыз болған). Соған қарамастан, экономиканың жекелеген секторлары арасында несиеге деген сұраныс айтарлықтай өзгерген. Мәселен, тау-кен өндірісі (4,8 пайыздық тармаққа) мен көлік саласында (1,4 п.т.) қарыз алуға ниеттілер азайса, ауыл шаруашылығы (+4,3 п.т.) мен құрылыс секторында (+1,1 п.т.) сұраныс артқан.
Нақты берілген 15,8 триллион теңге несие өсімінің негізгі бөлігін экономиканың үш ірі саласы қамтамасыз етті:
- Өнеркәсіп секторы – барлық өсімнің 42 пайызы;
- Сауда саласы – 31 пайызы;
- Құрылыс секторы – 12 пайызы.
Осылайша, жаңадан берілген бизнес несиелері өсімінің 85 пайызы аталған үш бағыттың еншісінде. Сауда мен өнеркәсіп орындары айналым қаражатын үздіксіз толықтыру үшін несиені жиі рәсімдеп, тез өтеп отырады. Сол себепті бизнестің жалпы несие портфелі салыстырмалы түрде баяу өсіп, 6,1 пайыздық көрсеткішпен 19,6 триллион теңгеге жетті.
Бизнесті кім қаржыландырып отыр және мөлшерлеме қалай өзгерді?
Кеңейтілген есеп бойынша бизнеске берілген барлық 25,3 триллион теңге несиенің 16,4 триллионы немесе 65 пайызы коммерциялық банктердің үлесінде. Тағы 13 пайызын Қазақстанның Даму Банкі, ал шамамен 22 пайызын «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары мен микроқаржы ұйымдары қамтамасыз етуде.
Базалық мөлшерлеменің төмендеу кезеңі басталғалы бері бизнеске берілетін несиелердің орташа пайыздық мөлшерлемесі де біртіндеп арзандай бастады. Әсіресе байланыс саласында (–6,7 п.т.), құрылыста (–2,8 п.т.) және өнеркәсіпте (–1,6 п.т.) несие шарттары едәуір жеңілдеген.
Сонымен қатар корпоративтік сектордағы банктер арасындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Еліміздегі ең ірі үш банктің бизнес несиелеріндегі үлесі 72,4 пайыздан 70,2 пайызға дейін төмендеп, орта деңгейлі өзге банктердің белсенділігі артқан.
Қай салада проблемалық қарыздар көбейді?
Несие портфелінің ұлғаюымен қатар кейбір бағыттарда уақытылы төленбеген берешек үлесі артқаны байқалады. Қарастырылған салалар бойынша мерзімі өткен қарыздардың орташа деңгейі 2,1 пайыздан 2,8 пайызға дейін өсті.
Дегенмен жағдай барлық жерде бірдей емес. Құрылыс саласында проблемалық несиелер үлесі 2,4 пайыздан 2,2 пайызға, ал байланыс секторында 0,5 пайыздан 0,4 пайызға дейін төмендеп, төлем тәртібі жақсарған.
Есесіне, мерзімі өткен берешектің ең үлкен өсімі сауда саласында тіркелді. Аталған сектордағы проблемалық қарыз көлемі 85,4 миллиард теңгеге жетіп, оның жалпы портфельдегі үлесі 3,8 пайыздан 5,8 пайызға дейін бір-ақ көтерілген.
Қаржы мамандарының болжамынша, жылдың төртінші тоқсанында бизнеске несие беру қарқыны жоғары деңгейде сақталады. Жыл соңындағы дәстүрлі іскерлік белсенділік пен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру корпоративтік секторға қосымша серпін бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







