TEXOL компаниялар тобы №5 айырық — Сәтімола жаңа теміржол желісінің құрылысына кірісті. Ауқымды инфрақұрылымдық жоба минералды-шикізат ресурстарын игеруге, өнеркәсіпті дамытуға және Қазақстанның батысындағы көлік байланысын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
16 қазанда № 5 айырықтан Сәтімола станциясына дейінгі теміржол желісі құрылысының басталуына орай салтанатты шара өтті. Ұзындығы 87 шақырым болатын жаңа учаске Qazaq Kalium компаниясы игеріп жатқан Сәтімола калий тұздары кен орнымен теміржол қатынасын қамтамасыз етеді.
Мақат — Индербор — Сәтімола бағыты
Құрылыс Мақат — Индербор — Сәтімола теміржол бағытын дамыту бойынша ауқымды инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырудың алғашқы қадамы болмақ. Ол жаңа жолдар салуды, қолданыстағы теміржол желісіне күрделі жөндеу жүргізуді және өңір өнеркәсібінің өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін заманауи көлік инфрақұрылымын құруды көздейді.
Жоба аясында қамтылған теміржол желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 285 шақырымды құрайды, ал алдын ала инвестиция көлемі 161 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Жоба Қазақстанның батыс өңірлерінің көліктік байланысын дамыту үшін ерекше маңызға ие. Болашақта теміржол желісін Шалқар көлі мен Алғабас станциясы бағытында одан әрі ұзарту мүмкіндігі қарастырылуда, бұл Атырау және Батыс Қазақстан облыстары арасында тікелей теміржол қатынасын орнатуға мүмкіндік береді.
«Бүгін біз болашақта екі облысымызды — Атырау мен Батыс Қазақстанды алғаш рет тікелей байланыстыратын теміржолдың негізін қалап жатырмыз. Бұл тек Qazaq Kalium жобасы үшін ғана логистикалық мүмкіндіктерді жеңілдетіп, жақсартып қоймай, сонымен бірге бүкіл өңірдің дамуына зор перспективалар ашады. Жаңа теміржол инфрақұрылымы кен орындарын игеруге, жаңа өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға, инвестиция тартуға және жұмыс орындарын ашуға жағдай жасайды. Негізінде, біз Батыс Қазақстанның экономикалық дамуының маңызды драйверіне айналатын жаңа көлік дәлізін құрып жатырмыз», – деп атап өтті Шота Абхазава.
Жүк тасымалы және отандық өндіріс
Жаңа теміржол Сәтімола кен орнын игеру және калий шикізатын тасымалдауды қамтамасыз ету үшін маңызды инфрақұрылымдық буынға айналады. Qazaq Kalium жоспарына сәйкес, өнімді тиеп-жөнелту 2028 жылдан басталып, кейіннен тасымал көлемі кезең-кезеңімен артпақ.
Болашақта теміржол инфрақұрылымын дамыту жыл сайын 6–7 миллион тоннаға дейін минералды жүкті тасымалдауға мүмкіндік береді. Сәтімола кен орнының өнімдерінен бөлек, жаңа көлік мүмкіндіктерін тұз, гипс және басқа да пайдалы қазбаларды өндіретін кәсіпорындар пайдалана алады.
Жобаның ерекшелігі — TEXOL тобының теміржол инфрақұрылымын салуды, жүк жылжымалы құрамын өндіруді және жүк тасымалын ұйымдастыруды біріктіретін кешенді тәсілінде.
Болашақ жүк ағынын қамтамасыз ету үшін қазақстандық өндірістегі вагондарды, оның ішінде TEXOL тобына кіретін Атырау вагон жасау зауытының өнімдерін пайдалану жоспарлануда. Осылайша, жобаны жүзеге асыру отандық машина жасауды дамытуға, қазақстандық қамту үлесін арттыруға және өндірістік кооперацияны нығайтуға ықпал етеді.
Әлеуметтік салада да айтарлықтай нәтиже күтілуде. Жалпы жобаны жүзеге асыру барысында құрылыс кезеңінде 300-ге дейін, ал теміржол инфрақұрылымын пайдалану кезеңінде 200-ге дейін тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған.
№ 5 айырық — Сәтімола желісі құрылысының басталуы Атырау облысы мен бүкіл Батыс Қазақстанның ұзақ мерзімді өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық дамуының негізін қалайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







