Алматы облысының Іле ауданында жылына 400 тонна өнім өндіруге қауқарлы «Бақыт» балық шаруашылығы ашылды. Құны 500 млн теңге болатын кәсіпорын балық өсірумен қатар, арнайы тор қоршаулар мен олардың бөлшектерін шығарады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұхаметжан Түймебаев ауылындағы жаңа өндіріс орны осы жабдықтарды Қазақстанда шығаратын алғашқы кәсіпорын атанды. Оның өнімдері қазірдің өзінде Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарына жеткізіліп жатыр. Жоба импортқа тәуелділікті азайтып, отандық балық шаруашылықтарын қажетті құралмен қамтуға мүмкіндік береді.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы кәсіпорынның ауыл экономикасы үшін маңызын атап өтті. Биыл өңірдегі балық шаруашылығын қолдауға 1 млрд теңге субсидия бөлінген. Қазір облыста 53 балық өсіретін шаруашылық жұмыс істейді.
Былтыр Алматы облысында 5,8 мың тонна балық өндірілді. Биыл көрсеткішті 10 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Ал 2030 жылға қарай өндіріс көлемі 20 мың тоннаға дейін өсуі тиіс.

Кәсіпорында балық көлдің ортасына орнатылған арнайы тор қоршауларда өсіріледі. Салмағы 200 грамдық шабақ экологиялық таза жеммен қоректеніп, үш айда 2,5-3 келіге дейін жетеді. Шаруашылық қазірдің өзінде 12 қоршаудан 100 тоннадан астам өнім алған.
Келесі жылы тор қоршаулар санын 30-ға жеткізу жоспарланған. Соның нәтижесінде жылдық өндіріс көлемі 400 тоннаға дейін артады. Қазір мұнда балықтың жағдайын тұрақты бақылайтын 15 маман еңбек етеді.
Шаруашылық қоршаудың негізгі бөлшектерін өзі жасайды, ал тор әзірге шетелден әкелінеді. Алдағы уақытта кәсіпорын жанынан тор тоқитын арнайы цех ашылмақ. Өндіріс кеңейген соң жұмысшылар саны 45-50 адамға дейін көбейеді.
Ауыл тұрғыны Әмзе Исаев жаңа жобаның елді мекен тіршілігіне серпін беретінін айтты. Кезінде ауыл көлінде жақсы дамыған балық шаруашылығы қиын жылдары тұралап қалған. Енді сол кәсіп қайта жанданып, тұрғындарға жұмыс пен ауылға жаңа мүмкіндік әкелмек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







