Қазақстанда биылғы 1 желтоқсаннан бастап электромобильдерді қуаттау станцияларының иелері үшін жабдықты метрологиялық бақылау бойынша жаңа талаптар күшіне енеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Өзгерістер бизнес шығындарын арттырып, соңында қарапайым көлік жүргізушілері үшін тарифтердің өсуіне алып келуі мүмкін. Мұндай мәселені Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов ресми сауалында көтерді.
2 миллион теңгеге дейінгі қосымша шығын
Жаңа ережелер Сауда және интеграция министрлігінің 25 қыркүйекте қабылдаған №272-НҚ бұйрығына сүйенеді. Ендігі кезекте мемлекеттік бақылау тек көлікке құйылған электр энергиясының нақты көлемін ғана емес, сонымен бірге желідегі кернеуді, ток күшін және қуаттау ұзақтығын да қамтиды.
Нарық қатысушыларының бағалауынша, қуаттау станцияларының бір түрін немесе топтамасын сынақтан өткізіп, мақұлдау шамамен 2 миллион теңгеге түспек. Бұл кәсіпкерлер мойнына артылатын салмақтың бір бөлігі ғана. Сала өкілдері мұндай қымбат рәсімдердің соңы тұтынушы тарифтеріне тікелей әсер ететінін ескертеді.
«Кәсіпкерлердің қосымша шығындары ақыр соңында тұтынушы тарифтеріне енгізілуі мүмкін. Сонымен бірге кернеудің, ток күші мен қуаттау уақытының дәлдігі тәжірибеде қалай тексерілетіні әлі күнге дейін түсініксіз болып отыр», – деп мәлімдеді депутат Олжас Нұралдинов.
Түсініксіз талап пен жанармай бекеттерінің айырмасы
Депутаттың айтуынша, талап қабылданып, күшіне енетін нақты күн белгіленгенімен, оны жүзеге асыру тетігі толық пысықталмаған. Жаңа нормаларды орындауға тиіс мамандандырылған мекеменің өзінде станциялар түрлері мен олардың сәйкестігін анықтау әдістемесі әлі толық қалыптаспаған.
Олжас Нұралдинов жаңа талапты кәдімгі автожанармай бекеттерінің жұмысымен салыстырды. Жанармай бекеттерінде мемлекет бакқа қанша литр бензин құйылғанын ғана тексереді. Ал отынның қандай жылдамдықпен құйылғанын немесе жүргізушінің баған жанында қанша уақыт тұрғанын ешкім жеке өлшеп, метрологиялық бақылау жасамайды.
Электр көліктерінде техникалық жағдай әлдеқайда күрделі. Әр машина әртүрлі қуат қабылдайды. Тіпті бір көліктің өзі аккумулятор температурасына, батареяның толу деңгейіне қарай әр уақытта әртүрлі жылдамдықпен қуатталады. Нәтижесінде станция иелеріне өздері толық басқара алмайтын параметрлер үшін ақы төлеу міндеттеліп отыр.
«Бизнеске жаңа рәсімдерден өтіп, ақша төлеу керектігі айтылды, бірақ министрліктің өзі осы рәсімдердің нақты қалай жүргізілетінін түпкілікті айқындамаған. Кәсіпкер не себепті реттеуші органның түсініксіздігі үшін шығынға батуы керек?» – деп нақтылады депутат.
Инфрақұрылымның тежелу қаупі
Мәжіліс өкілдері жаңа талаптарды қайта қарап, ең алдымен жүргізуші ақша төлейтін киловатт-сағатты, яғни нақты берілген электр қуатын бақылауға басымдық беруді талап етті. Ереже күшіне енгенге дейін бірыңғай әдістемені бекітіп, тексерістің экономикалық негіздемесін ұсыну қажеттігі сөз болды.
Қосымша қаржылық жүктеме зарядтау желісін кеңейту қарқынын бәсеңдетуі мүмкін. Әсіресе аймақтарда және республикалық тасжолдар бойында жаңа станциялар салу кәсіпкерлер үшін тиімсіз болып қалу қаупі бар. Егер жауапты ведомство бұл мәселені 1 желтоқсанға дейін шешпесе, тариф өсімінің зардабын жасыл көлік мінген жүргізушілер тартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







