Қаржы министрлігі мемлекеттік қызметкерлердің шетелге және еліміздің ішкі өңірлеріне шығатын қызметтік іссапар шығындарын оңтайландырып, бюджет қаражатын үнемдеуге бағытталған қаулы жобасын әзірледі. Мемлекеттік органдардың шығыстарын ревизиялау қорытындысы негізінде дайындалған құжат қазына қаражатын негізсіз шашуды шектеуді көздейді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа қаулы жобасы және ресми талқылау
Нормативтік құқықтық актілердің ашық порталында жарияланған құжатқа сәйкес, мемлекеттік бюджет есебінен қызметтік сапарлардың шығынын өтеу қағидаларына нақты өзгерістер енгізілмек. Бюджеттік бағдарламаларды тексеруден кейін Үкімет әкімшілік шығыстарды барынша азайтуға бел байлап отыр.
Жаңа түзетулер арқылы мемлекеттік органдардың бірінші кезектегі маңызы жоқ сапарларына, шетелдік жиындарға үлкен құрамда баруына және өңірлік іссапарларға жұмсалатын төлемдеріне шектеу қою жоспарланған. Жоба қараша айының басына дейін қоғамдық талқылауда болады, одан кейін Үкіметтің ресми бекітуіне жіберіледі.
Қазына тапшылығы: үнемдеу қайдан басталуы керек?
Бюджет шығыстарын қайта қарауға ел қазынасындағы созылмалы тапшылық себеп болды. Мемлекет жыл сайын Ұлттық қордың қаражатын еселеп жұмсап, тапшылықты қымбат қарыздармен жауып отырған шақта шенеуніктердің өз қажеттіліктеріне миллиондаған қаржы шашуы қоғам наразылығын тудырмай қоймайды.
Осыған дейін жүргізілген талдаулар мемлекеттік аппараттың форумдар өткізуге, имидждік жобаларға және қызметтік сапарларға орасан зор қаражат бөлгенін көрсетті.
Сарапшылардың пікірінше, қазынаны үнемдеу әлеуметтік сала мен көмекке мұқтаж халықтың жәрдемақысын қысқартудан емес, ең алдымен мемлекеттік аппараттың өз шығынын тежеуден басталуы тиіс.
Нақты шектеу ме, әлде жай ғана көзбояушылық па?
Мемлекеттік органдардағы қаражатты оңтайландыру туралы бастамалар бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Алайда қағаз жүзінде қабылданған шектеулер көбінесе қатардағы қарапайым мамандардың іссапар ақысын қысқартумен шектеліп, жоғары лауазымды шенеуніктердің ысырапшылдығына тұсау бола алмай келеді.
Министрлер мен олардың орынбасарлары, өңір әкімдері мен ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері шетелге шыққанда люкс санатындағы бес жұлдызды қонақүйлерде түнеп, қымбат бизнес-класс орындарымен ұшуды әдетке айналдырған. Тіпті арнайы делегация құрамына қажеті шамалы көмекшілер мен кеңесшілерді үйіп-төгіп ертіп алу фактілері де аз емес.
Жаңа өзгерістер шынымен нәтиже беруі үшін іссапар нормалары лауазымына қарамастан баршаға бірдей ортақ болуы қажет. Егер шенеуніктерге «ерекше жағдай» деген сылтаумен қымбат нөмірлер мен рейстерге бюджет есебінен төлеуге саңылау қалдырылса, бұл құжат та кезекті формальдылықтың бірі болып қала бермек.
Мемлекет қазынасынан бөлінген әрбір тиынның қайтарымы мен нақты есебі ашық жарияланғанда ғана шенеуніктердің шетелдік салтанатты саяхаттарына шынайы тосқауыл қоюға болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







