Қырғи-қабақ соғыс жылдарында АҚШ әскері Гренландияның қалың мұзы астына ядролық зымырандарды жасыруға бағытталған құпия база құрған болатын. Зымырандар сол күйі бұл жерге жеткізілмегенімен, сол кезеңде мұз астынан бұрғылап алынған топырақ үлгілері бүгінде ғалымдарға климаттың өткені мен болашағын түсінуге тың мүмкіндік берді. Climate of the Past басылымында жарияланған жаңа зерттеу осы Camp Century нысаны орналасқан аумақтың осыдан 416 мың жыл бұрын мұздан толықтай арылғанын анықтады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғылыми деректерге сәйкес, сол дәуірде Гренландиядағы жазғы ауа температурасы қазіргі нормадан небәрі 4,7 градусқа ғана жылы болған. Соған қарамастан, солтүстік-батыстағы Camp Century аймағының мұздан толық босап шығуы үшін алып мұз қалқаны қазіргі шекарасынан кем дегенде 97 шақырымға (60 миль) кейін шегінуге мәжбүр болған.
Күтпеген шегініс және ұзақ жылыну кезеңі
Буффало университетінің зерттеушісі Джон Майкл Агилар мұндай орташа жылынудың өзі мұздықты аса ауқымды көлемде еріткені ғылым үшін тосын оқиға болғанын атап өтті.
«Орташа ғана жылымық кезеңінің мұз қабатының соншалықты ауқымды шегінуімен тұспа-тұс келуі таңғалдырады».
Ғалымдар бұл құбылыстың басты себебін тапты: ауа температурасының қаншалықты көтерілгені ғана емес, сол жылылықтың қанша уақытқа созылғаны да шешуші рөл атқарады. Мәселен, осыдан 5 000 – 10 000 жыл бұрын Гренландияда дәл осындай жазғы температура байқалғанымен, Camp Century аумағындағы мұз ерімей сақталған еді. Ал 416 мың жыл бұрын болған кезең ондаған мың жылға жалғасып, алып мұздықтардың ұзақ уақыт бойы баяу әрі үздіксіз еруіне жағдай жасаған.
Қазіргі қауіп және мұздың жоғалу қарқыны
Ғалымдар бұл тарихи заңдылық бүгінгі адамзат үшін үлкен дабыл екенін ескертеді. Бүгінде антропогендік факторлар климаттың бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өзгеруіне әкеліп соқтыруда.
«Қазіргі адам әрекетінен туындаған жылыну 400 мың жыл бұрынғы кезеңнен әлдеқайда қарқынды жүріп жатыр және климаттық болжамдар мұндай жылылықтың жүздеген немесе мыңдаған жылдарға созылуы мүмкін екенін көрсетеді», – деп ескертті зерттеу жетекшісі Элизабет Томас.
NASA жерсеріктерінің дерегінше, 2002 жылдан бері Гренландия жыл сайын шамамен 270 миллиард тонна мұзынан айырылып келеді. Оған қоса, соңғы жылдардағы мәліметтер мұхит суымен жанасатын мұздықтардың қарқынды шегінуіне байланысты жоғалған мұз көлемі бұрын болжанғаннан әлдеқайда көп екенін көрсетті.
Арал көтеріліп, мұхит деңгейі өсуде
Гренландия климат өзгерісінің салдарын басқа аймақтарға қарағанда ерекше сезінуде. Мұз еріген сайын салмақ азайып, аралдың құрлықтық тақтасы жоғары көтеріліп жатыр. Сонымен қатар азайған мұз массасының тартылыс күші әлсіреп, аралдың өз жағалауында теңіз деңгейі төмендейді. Алайда бұл судың жаһандық мұхитқа жайылып, әлемнің өзге жағалауларын су басу қаупін еселеп арттыратынын білдіреді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







