Мемлекет басшысының 2027 жылды «Халықтық құрылыс жылы» деп жариялауына орай Маңғыстауда инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік нысандар салуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жоба жоспарланған. Олардың негізгі бағыттары бүгін облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен актив отырысында талқыланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жалпы облыста тоғыз негізгі бағытты қамтитын 43 инфрақұрылымдық жоба қарастырылған.
Әлеуметтік нысандар мен медициналық мекемелер құрылысы
Жиын барысында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов Президенттің тапсырмасына сәйкес өңірде көпбейінді балалар ауруханасы мен оңалту орталығын салу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
Аурухана 350 орынға арналады. Жоба ауысымына 200 адамды қабылдайтын консультативтік-диагностикалық орталық пен жеке инфекциялық корпустың құрылысын да қамтиды. Ал мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық заманауи оңалту орталығы ересектер мен балаларға мамандандырылған оңалту қызметтерін көрсетуге, денсаулығын қалпына келтіруге, әлеуметтік бейімделуіне және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Бекмұрат Жүсіпов көлік-логистикалық орталықтарын салу да жоспарда бар екенін айтты. Атап айтқанда, Өзбекстанмен шекаралас аумақта еркін сауда және логистикалық орталығын салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта бұл жобаны жүзеге асыру мәселесі пысықталуда.
Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілеген Едігеев өңірдегі құрылыс және инфрақұрылым салаларында жүзеге асырылатын жобалар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында Инфрақұрылымды дамыту қорынан Мұнайлы ауданының Бесшоқы тұрғын алабында және Жаңа Дәулет ауылында 1200 орындық мектеп салынады. Сонымен қатар Бейнеу ауылында ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана және Түпқараған ауданының С.Шапағатов ауылында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығының құрылысы басталмақ.

Мәдениет, спорт және коммуналдық желілерді дамыту
Спорт пен мәдениет саласында да жаңа жобалар жоспарланған. Қазір Ақтау қаласында 10 мың көрерменге арналған көпфункционалды стадионның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар теңіз жағалауында жаңа театр мен филармония ғимараттарын салу көзделген.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту және жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ақтау қаласында қуаттылығы 308 Гкал болатын жылу қазандығының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ қаланың төменгі бөлігіндегі және №7, 8, 9, 14, 15, 22, 23, 24-шағынаудандардағы жылу желілері реконструкцияланады. Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылындағы жылу желілерін де жаңғырту жоспарланған.
Газбен жабдықтау бағытында «Жаңаөзен — Ақтау» магистральдық газ құбырының төртінші желісін іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба Ақтау қаласы мен оған іргелес елді мекендерді газбен қамту мүмкіндігін арттыруға, сондай-ақ ірі өндірістік кәсіпорындар мен жаңадан салынатын нысандардың газға деген сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар Түпқараған ауданының С. Шапағатов ауылына дейін жоғары қысымды газ құбырын тарту жоспарланып отыр. Жоба «ГазПромМаш-30» автоматтандырылған газ тарату станциясынан ауылға дейін газ құбырын жүргізуді көздейді.
Ауыз су және көлік-логистика салаларындағы жоспарлар
Маңғыстау үшін ауыз су мәселесі айрықша маңызға ие. Осыған байланысты су өндіру қуатын арттыруға және қолданыстағы су көздерін тиімді пайдалануға бағытталған бірнеше жоба жоспарланған. Атап айтқанда, «Каспий» су тұщыту зауытының өндірістік қуатын тәулігіне 100 мың текше метрге дейін ұлғайту көзделген. Бұдан бөлек, «МАЭК» аумағында тәулігіне 12 мың текше метр ауыз су өндіретін жаңа тұщыландыру қондырғысы салынады. Сондай-ақ жалпы өнімділігі тәулігіне 24 мың текше метрге дейін жететін заманауи кері осмос станциясын салу жоспарланған. Ал «Құйылыс-Меловое» кен орнын жаңғырту жобасы жер асты су көздерінің әлеуетін қалпына келтіріп, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында Ақтау — Форт-Шевченко автомобиль жолын, Жаңаөзен қаласындағы жолдарды және Маңғыстау — Қызылтөбе бағытындағы автомобиль жолын қайта жаңарту жоспарланған.
Өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру бағытындағы маңызды жобалардың қатарында Кендірлідегі әуежай құрылысын аяқтау және жаңа теңіз портын салу бастамасы бар.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді іске асырудың маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысының Жолдауы ел алдына нақты міндеттер қойып, алдағы жұмыстың басымдықтарын айқындап берді. Өңірдің транзиттік-логистикалық әлеуеті жоғары. Себебі бізде әуе қатынасы, теңіз жолы, автомобиль жолдары, су және теміржол қатынастары бар. Яғни, көлік қатынасының барлық негізгі түрлері дамыған. Ендігі міндет — айтылған бастамаларды нақты жобалар мен нәтижелі жұмыстарға айналдырып, сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету. Әр бағыт бойынша жауапты органдар мен ұйымдар өзара үйлесімді жұмыс жүргізіп, нақты нәтижеге баса назар аударуы тиіс», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







