Мәскеуден Алматыға бет алған SCAT әуе компаниясының ұшағы техникалық ақау дабылына байланысты Астана әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Төтенше жағдайдан есі шыққан ондаған жолаушы елорда әуежайында сағаттап еш ақпаратсыз, тіпті ауызсусыз қалғандарын айтып, әлеуметтік желіде наразылық білдірді.
Аспандағы үрей және төрт сағаттық күту
Мәскеу – Алматы бағытындағы DV 1008 рейсі кесте бойынша сапар шегіп бара жатқанда, ұшақтың борттық жүйесінен ескерту сигналы түскен. Экипаж жолаушылардың қауіпсіздігін алға тартып, бағытты өзгертіп, Астанадағы негізгі базалық әуежайға апатты жағдайда қону туралы шешім қабылдайды. Әуе кемесі дін-аман қонғанымен, нағыз келеңсіздік жерге түскен соң басталды.
Рейс жолаушыларының бірі әлеуметтік желідегі парақшасында аспандағы қорқыныштан кейін жерде көрген қиындықтарын баяндады. Оның айтуынша, шошып қалған адамдарға ұзақ уақыт бойы ешкім мән-жайды түсіндірмеген, тіпті ішетін су да берілмеген.
«Төтенше жағдай болғанын түсінемін, ұшақта бәріміз қатты қорықтық. Бірақ неліктен жолаушыларға су да ұсынбадыңыздар? Арамызда үлкен жанжал шыққанша, қорыққан әрі абдыраған халықты аяқтан тік тұрғызып, сусыз, тамақсыз, ең бастысы еш ақпаратсыз ұстадыңыздар», – деп жазды жолаушы әлеуметтік желіде.
Күтпеген аялдама кезінде жолаушылар елорда әуежайында шамамен төрт сағат бойы белгісіздік құшағында отыруға мәжбүр болған.
Әуе тасымалдаушысы не дейді?
Оқиға қоғамдық резонанс тудырғаннан кейін әуе компаниясының баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді. Тасымалдаушы өкілдері ұшу кезінде борттық жүйенің индикациясы іске қосылғанын растап, қону қалыпты режимде өткенін алға тартты. Алматыға асыққан адамдарды межелі жерге жеткізу үшін қосалқы әуе кемесі бөлінген.
Сонымен қатар компания өкілдері жолаушыларға судың кеш берілуін ұйымдастырушылық мәселелермен байланыстырды.
«Рейс бойынша шұғыл қону әрекеті жасалды. Соған байланысты барлық жолаушыны ауызсумен қамтамасыз ету біраз уақыт алды. Себебі оны әуежайға алдын ала жеткізуді ұйымдастыру қажет болды», – деп мәлімдеді SCAT өкілдері.
Әуе тасымалдаушысы орын алған қолайсыздық үшін жолаушылардан ресми түрде кешірім сұрады.
Дағдарыстағы дәрменсіздік: Сервистік мәдениет қайда?
Авиация саласында кез келген ұшақтың ақау анықталғанда сақтық шарасын жасап, шұғыл қонуы — қалыпты қауіпсіздік хаттамасы. Алайда отандық әуе компаниялары үшін нағыз мәселе техниканың ақауында емес, дәл осындай форс-мажор кезінде жолаушылармен байланыс орната алмауында жатыр.
Аспанда өлім мен өмірдің арасында қалғандай күй кешкен жолаушы жерге қонғанда тым құрығанда психологиялық қолдау мен жылы көзқарас күтеді. Өкінішке қарай, отандық авиакомпаниялар әлі күнге дейін дағдарыстық коммуникацияны жолға қоя алмай келеді. Адамдарды сағаттап күттіріп қойып, жағдайды түсіндірмеу, қарапайым бір бөтелке суды ұйымдастыра алмай дәрменсіздік таныту — отандық әуе сервисінің басты дертіне айналды.
Бұған дейін дәл осы компанияның Қытайдың Хайнань аралынан ұшатын рейсі 27 сағатқа кешігіп, ел азаматтары шет мемлекеттің әуежайында қараусыз қалғаны қоғамда үлкен наразылық туғызған еді. Жүйелі сипат алған мұндай келеңсіздіктер авиация саласын реттейтін органдардың тек ұшу қауіпсіздігін ғана емес, жолаушылардың тұтынушылық құқығын қорғау тетіктерін де қатаң бақылауға алатын уақыты әлдеқашан жеткенін көрсетеді. Бағасы қымбат билет сататын тасымалдаушылар үшін клиентке деген құрмет жанжал туғанда ғана оянбауы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







