Шымкентте тұрғындарды белсенді өмір салтына тартуға арналған «Shymkent Park League» жаңа спорт жобасы басталады. Жоба аясында қаланың 11 саябағы спорттық челлендж нәтижесі бойынша өзара бақ сынайды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қатысушылар таңғы жаттығуларға қатысып, арнайы тапсырмаларды орындайды. Олардың нәтижесі Қазақстанда әзірленген AI SPORT мобильді қосымшасы арқылы тіркеледі.
Спорттық жаттығуды саябақта нұсқаушылармен бірге немесе өз бетінше орындауға болады. Тұрғындарға кез келген жерден онлайн форматта қатысу мүмкіндігі де беріледі.
Жобаға қатысу тегін. Спорттық сайысқа 16 жастан асқан Шымкент тұрғындары қатыса алады.
Әзірленген тұжырымдамаға сәйкес, саябақтар арасындағы жарыс 7-27 қараша аралығында өтеді. Қатысушылар 21 күн бойы берілген тапсырмаларды орындап, өз нәтижесін жақсарта алады.
Жобаға тіркелу 23 қазанда AI SPORT қосымшасында басталады. Алдымен қатысушы мобильді сервисте жеке есептік жазбасын ашуы қажет.
Одан кейін тізімнен Шымкенттегі 11 қалалық саябақтың бірін таңдап, сол команданың атынан жаттығуға кіріседі. Әр адамның көрсеткіші өзі таңдаған саябақтың жалпы нәтижесіне қосылады.
Тұрғындар таңғы жаттығуға қатысу арқылы өз саябағына ұпай жинай алады. Тапсырманы үйде, спорт алаңында немесе өзіне ыңғайлы басқа жерде орындауға да рұқсат етіледі.
AI SPORT қосымшасы орындалған жаттығуларды тіркеп, қатысушылардың көрсеткішін есептейді. Цифрлық жүйе сайыстың ашық өтіп, нәтижелердің бір тәртіппен анықталуына мүмкіндік береді.
«Shymkent Park League» тұрғындарды спортпен тұрақты айналысуға ынталандыруды көздейді. Жоба саябақтарды тек серуен орны емес, бұқаралық спорт пен белсенді демалыс алаңына айналдыруға ықпал етпек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







