Қазақстанда жер сілкінісі, су тасқыны мен өрт секілді табиғи апаттардан тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру тетігі кезең-кезеңімен заңдастырылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған жаңа бастамаға сәйкес, жыл сайынғы төлем мөлшері мүлік түрі мен өңірдегі қауіп деңгейіне қарай 0,5-тен 5 айлық есептік көрсеткішке дейін белгіленбек, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Төлем көлемі мен өтемақы қалай есептеледі?
Ұсынылып отырған тариф бойынша жылдық төлем шамамен 2 мыңнан 21 мың теңге аралығын құрайды. Алымның нақты сомасы аймақтағы тәуекелдерге тікелей байланысты болады. Мәселен, сейсмикалық қаупі жоғары Алматы қаласы мен қарғын су басу ықтималдығы зор өңірлерде баға жоғарырақ бекітілсе, табиғи қауіп-қатері аз аймақтарға жеңілдетілген мөлшерлеме қарастырылады.
Жаңа тетік күшіне енсе, апаттан қираған немесе бүлінген баспана иелеріне ұзақ сот сараптамаларынсыз және бюрократиялық кедергілерсіз базалық өтемақы бірден берілуі тиіс. Төлемдер сақтандырылған барлық тұрғынның жарналарынан жиналған ортақ қор есебінен төленбек. Бұған қоса, ауқымды апаттар орын алған жағдайда шығынды жабу үшін халықаралық сақтандыру құралдары мен апаттық облигациялар нарығы тартылады.
Жүйе қашан және қалай іске қосылады?
Міндетті сақтандыру бірден бүкіл ел аумағына жаппай енгізілмейді. Реттеуші органның жоспарына сай, алдымен ең қауіпті үш облыста пилоттық сынақ басталады.
Заңнамалық база бекітілген соң инфрақұрылымды дайындап, қажетті қаржылық резерв жинақтау үшін үш жылдық өтпелі кезең қарастырылған. Аталған мерзім аяқталғаннан кейін талап біртіндеп еліміздің басқа да өңірлеріне таратылып, 2030 жылға дейін барлық баспананы түгел қамту көзделген.
Әлемдік тәжірибе және отандық нарықтың сиқы
Мұндай жүйе әлемнің көптеген елінде үйреншікті жағдайға айналған. Айталық, Түркиядағы арнайы апаттық қор арқылы тұрғын үйлердің 55 пайыздан астамы жер сілкінісінен міндетті сақтандырылған. Солтүстік Америка мен Оңтүстік Кореяда да баспананы өз еркімен сақтандыру деңгейі өте жоғары.
Елдегі 8,5 миллионнан астам жылжымайтын мүліктің тек 1,5 пайызы ғана ерікті түрде сақтандырылған. Ал табиғи апаттардан жиі зардап шегетін ауыл-аймақтарда бұл көрсеткіш 1 пайызға да жетпейді.
Халық тек басына қауіп төнгенде ғана қамданатындықтан, сақтандыру мәдениеті өте төмен деңгейде қалып келеді.
Қоғамдағы күмән: жаңа алым ба, амалсыз шара ма?
Көктемгі жойқын су тасқыны кезінде мемлекет қазынасынан шайылған инфрақұрылым мен баспаналарды қалпына келтіруге 250 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Жыл сайын қайталанатын зілзала мен тасқын шығынын тек бюджетке артып қою қазынаға ауыр салмақ түсіретіні анық. Сондықтан үкімет қаржылық жауапкершілікті сақтандыру нарығымен және халықпен ортақтастыруды көздеп отыр.
Алайда бастама халық арасында түрлі сауал тудырды. Тұрғындардың бір бөлігі мұны азаматтардың қалтасына түсетін кезекті «жасырын салық» ретінде қабылдауда. Оның үстіне, отандық сақтандыру компанияларына халық сенімі толық қалыптаспаған.
Ендігі басты мәселе — табиғи апат орын алған сын сағатта жиналған қордан өтемақының қаншалықты әділ әрі жедел төленетінінде. Егер сақтандыру ұйымдары төлем жасаудан жалтарып, түрлі сылтау іздейтін болса, игі бастама халық наразылығын тудыратын жаңа әлеуметтік дауға айналуы әбден мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







