Шымкентте Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді түсіндіру, сондай-ақ тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау мақсатында бірқатар кездесу өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Іс-шараларға республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, медицина қызметкерлері, жастар және этнос өкілдері қатысты.
Бірінші жұмыс тобының өкілдері – Ұлттық құрылтайдың I шақырылымының депутаты Б.М. Нарымбетов, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Т. Дәулеталин және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов – Сайрам тұрғын алабының тұрғындарымен Өзбек драма театрында кездесті.
Кездесу барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.
«Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік органдармен қатар қоғамның белсенділігі мен әрбір азаматтың жауапкершілігі маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті Б.М. Нарымбетов.
Медицина қызметкерлерімен және жастармен кездесу
Одан кейін делегация өкілдері қалалық перинаталдық орталықтың медицина қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде ана мен бала денсаулығын сақтау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық әлеуетін нығайту мәселелері қаралды. Бауыржан Жүсіпов саланы сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету басты міндет екенін жеткізді.
Екінші жұмыс тобының өкілдері – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Е.Ж. Тұяқбаев, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Б.Р. Парманов, Қазақстанның Халық кеңесінің мүшесі Ә.Р. Иманқұлов және ҚР Ұлттық экономика министрлігі Арнайы бағдарламалар комитетінің төрағасы Б.М. Сыздықов – «Қоғамдық келісім» ғимаратында этнос өкілдерімен жүздесті. Кездесуде қоғамдық бірлік, этносаралық келісім және азаматтық татулықты нығайту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде студенттермен кездесу ұйымдастырылды. Қатысушылар білім мен ғылымды дамыту, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау, жастардың кәсіби әлеуетін арттыру және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы жөнінде пікір алмасты.
Кездесулер барысында қатысушылар Жолдауда көтерілген бастамаларға қатысты ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай ашық диалогтер мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын түсіндіруге және өңір тұрғындарының пікірін ескеруге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







