Алматыда Қазақстандағы алғашқы Денсаулық сақтау саласындағы цифрлық шешімдердің құзыреттілік орталығы ашылды. Жаңа құрылым қаладағы медициналық ұйымдарға цифрлық технологияларды енгізу жұмысын үйлестіреді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Орталық денсаулық сақтау жүйесінде қолданылатын цифрлық платформалар мен бағдарламалардың бірыңғай тізілімін қалыптастырады. Осы арқылы қаладағы медициналық ұйымдарда қандай жүйелер жұмыс істейтіні туралы толық дерек жинақталмақ.
Жаңа технологияны сатып алмас бұрын оның тиімділігі мен медициналық қызметке қажеттілігі бағаланады. Мамандар бағдарламаның қолданыстағы жүйелермен үйлесімділігіне және нақты нәтиже беру мүмкіндігіне назар аударады.
Мұндай тәсіл әр аурухана мен емхананың бірдей қызмет атқаратын бағдарламаларды бөлек сатып алуына жол бермейді. Соның нәтижесінде цифрлық шешімдердің қайталануы азайып, бюджет қаражаты тиімді жұмсалады.
Медициналық технологиялар сараптамадан өтеді
Құзыреттілік орталығы медициналық ұйымдарға өзара үйлесімді цифрлық технология таңдауға көмектеседі. Жаңа жүйе бұрыннан қолданылып жүрген бағдарламалармен дерек алмаса алуы тиіс.
Технологиялардың бір-бірімен байланыспауы дәрігерлердің жұмысын қиындатып, ақпаратты бірнеше жүйеге қайта енгізуге мәжбүр етеді. Орталық осындай техникалық кедергілерді алдын ала анықтауға бағытталған.
Цифрлық шешімді бағалау кезінде оның медицина қызметкеріне қолайлылығы және пациентке беретін пайдасы ескеріледі. Қауіпсіздік, тұрақтылық және медициналық деректерді қорғау талаптарына да назар аударылады.
Жаңа құрылым Орталық қалалық клиникалық аурухананың Телемедицина орталығы базасында іске қосылды. Оны құруға қосымша қаржы бөлінбеді және жеке заңды тұлға тіркелген жоқ.
Телемедицина тәжірибесі негізге алынды
Телемедицина орталығы алты жыл ішінде тұрғындардан шамамен 3,8 миллион қоңырау қабылдады. Осы кезеңде медициналық көмекке қатысты 348 мың өтініш тіркеліп, тиісті ұйымдарға жолданған.
Жинақталған деректер қаладағы медицина қызметінің әлсіз тұстарын анықтауға мүмкіндік берді. Тұрғындардың өтініші арқылы емханалардағы қызмет сапасы мен медициналық көмектің қолжетімділігі бағаланды.
Қазіргі уақытта орталық мамандары стационардан шыққан жүкті әйелдердің медициналық бақылауда болуын қадағалайды. Жаңа туған нәрестелер мен балалардың жағдайына қатысты ақпарат та назарда ұсталады.
Алты жыл ішінде Алматының мемлекеттік емханаларына қатысты шағымдар саны 76 пайызға азайды. Енді жинақталған телемедицина тәжірибесі цифрлық шешімдерді бағалау, үйлестіру және бүкіл қалалық медицина жүйесіне тиімді енгізу үшін пайдаланылмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







