Халықаралық астрофизиктер тобы ғаламның пайда болу кезеңі мен оның алғашқы 2 миллиард жылдық даму тарихын бұрын-соңды болмаған дәлдікпен көрсететін Lumina атты ауқымды компьютерлік симуляцияны таныстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Гарвард пен Смитсон астрофизика орталығы мен Массачусетс технологиялық институтының мамандары әзірлеген жаңа модель алғашқы жұлдыздар, галактикалар мен қара құрдымдардың қалай дүниеге келгенін жан-жақты бақылауға жол ашады. Ғалымдардың айтуынша, бұл зерттеу Үлкен жарылыстан кейінгі ең құпия кезеңді түсінуге түрткі болмақ.
Ғарыштық қараңғы дәуір және 1,6 миллиард жарық жылы
Үлкен жарылыстан кейінгі алғашқы жүздеген мың жыл өткенде ғалам салқындап, электрондар мен сутегі атомдары бейтарап газға айналған еді. Жарық шашатын жұлдыздар болмағандықтан, ғарыш ұзақ уақыт бойы тұңғиық қараңғылық құшағында қалды. Астрономияда «қараңғы ғасырлар» деп аталатын кезең алғашқы жұлдыздар түзіліп, сутегі қайта иондалған сәтте барып аяқталды.
Lumina моделі осы өтпелі дәуірден бастап кейінгі екі миллиард жылды қамтиды. Симуляция көлемі жағынан бұрынғы баламаларынан 100 еседен астам асып түседі және шамамен 1,6 миллиард жарық жылына тең кеңістікті моделдейді. Онда қарапайым газ, қараңғы материя мен сәулеленудің өзара күрделі байланысы толық есептелген.
Зерттеу жетекшісі, Гарвард пен Смитсон астрофизика орталығының ғылыми қызметкері Оливер Зиер модельдің басты ерекшелігін атап өтті.
«Бізде ғарыштық торды, галактикалардың қалай шоғырланғанын анық көруге болатын алып көлем бар. Сонымен бірге біз әрбір жеке галактиканың ішкі құрылымын егжей-тегжейлі зерттей аламыз», – деді Оливер Зиер.
Джеймс Уэбб телескопына арналған бағдар
Соңғы жылдары Джеймс Уэбб ғарыш телескопы ерте ғаламнан күтпеген деректерді, атап айтқанда, тым ерте қалыптасып үлгерген алып галактикаларды анықтап, ғалымдарды таңғалдырған болатын. Қазіргі астрофизикалық теорияларды тексеру үшін ғарыштан алынған нақты бақылауларды Lumina моделінің болжамдарымен салыстыру көзделіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, егер телескоп бақылаулары симуляция нәтижелерімен сәйкес келсе, ғаламның дамуы туралы қазіргі көзқарастар беки түседі. Ал егер қайшылықтар анықталса, ғылым үшін бұл әлдеқайда құнды болмақ.
«Егер модель мен бақылаулар бір-біріне қайшы келсе, бұл одан да қызық. Өйткені мұндай сәйкессіздік біздің түсінігімізде әлі ашылмаған жаңа физикалық құбылыстардың бар екенін аңғартады», – деп түсіндірді жоба жетекшісі.
Lumina жобасы болашақта ұшырылатын Нэнси Грейс Роман телескопының деректерін талдауға да берік ғылыми негіз қаламақ. Осылайша, ғалымдар ғаламның балалық шағы туралы ең күрделі сұрақтардың жауабын табуға бір қадам жақындады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







