Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданындағы бірнеше амбулаторияға жаңа санитарлық автокөліктердің кілтін табыстады. Көліктер Тарбағатай, Сарыарқа, Қосағаш, Бидайық және Мамырсу ауылдарындағы медициналық мекемелерге берілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Салтанатты шарада аймақ басшысы ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету үшін денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтудың маңызына тоқталды.
«Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Әсіресе, аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерде дәрігерлердің шақыртуға дер кезінде жетуі өте маңызды. Бүгін табысталып отырған санитарлық автокөліктер медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, тұрғындарға қажетті көмекті уақтылы көрсетуге мүмкіндік береді. Аягөз – өңіріміздегі халық саны көп аудандардың бірі. Мұнда 65 мыңға жуық тұрғын тұрады. Сол себепті 5 жаңа медициналық көлік беріліп отыр. Бұдан бөлек жүріп тұрған, қолданыстағы тағы 5 көлік беріледі. Сондай-ақ, былтыр ауданда 7 амбулаториялық пункт қолданысқа берілді. Мұның барлығы халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бір парасы. Жаңа медициналық көліктер құтты болсын! Ең бастысы, халықтың игілігіне қызмет етсін», – деді Берік Уәли.
Ауылдық амбулаториялардың жаңа техникасы
Аягөз ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасының теңгеріміндегі бес санитарлық автокөлік ауылдық дәрігерлік амбулаторияларға бөлінді. Оның үшеуі – «Газель NEXT» (ГАЗ1R23), екеуі – JAC Sunray маркалы А санатындағы санитарлық көліктер.
Жаңа автокөліктер берілген бес дәрігерлік амбулатория жалпы саны 4646 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, Тарбағатай ауылында 959, Сарыарқада 556, Қосағашта 416, Бидайықта 546, Мамырсуда 2169 тұрғын бар.
Аудандағы медициналық көмекті жаңғырту
Айта кетейік, Аягөз ауданының денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Былтыр Аягөз аудандық көпсалалы орталық ауруханасында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 10 төсекке арналған жаңа реанимация бөлімшесі пайдалануға берілді. Сонымен қатар ауруханада магниттік-резонанстық томография (МРТ) бөлімі ашылды. Жаңа бөлім Аягөзбен қатар Жарма, Үржар және Мақаншы аудандарының тұрғындарына да жоғары дәлдіктегі диагностикалық тексеруден өтуге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







