Алматыда Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен және жастармен кездесіп, оқу мәдениетін дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Басқосу ҚР Ішкі істер министрлігінің Алатау сарайында ұйымдастырылды. Жиынға мәдениет және өнер қайраткерлері, жас қаламгерлер мен креативті индустрия өкілдері қатысты. Басқосуда ұлттық мәдениетті өркендету, әдебиетті қолдау және зерделі ұлт қалыптастыру бастамалары сөз болды.
Кітапхана жұмысы түн жарымына дейін ұзартылды
Кездесу барысында министр Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасындағы оқырман белсенділігімен танысты. 2026 жылдың мамыр-қараша айлары аралығында мекемеге 26 мыңнан астам жаңа оқырман тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 73,8 пайызға артқан.
Әсіресе 15-35 жас аралығындағы жастардың кітап оқуға қызығушылығы 33 пайызға өсіп, оқырмандар қатары 24 мыңнан асты. Аталған уақыт ішінде келушілерге 1,6 миллионнан астам құжат берілсе, онлайн қызметтерді пайдаланушылар саны 13 пайызға ұлғайып, 932 мыңға жеткен.
«Оқырман белсенділігінің күрт артуы мен келушілердің сұранысын ескере отырып, Ұлттық кітапхананың жұмыс уақытын сағат 24:00-ге дейін ұзарту туралы шешім қабылданды», – деп мәлімдеді Арман Қырықбаев.
Жаңа кесте студенттерге, жұмыс істейтін азаматтарға және қала қонақтарына кешкі уақытта да кітапхана қорын емін-еркін пайдалануға мүмкіндік береді.
Цифрландыру және «reading-nation» платформасы
Кездесуде Президент Жолдауында айқындалған негізгі міндеттерге де ерекше назар аударылды. Министр шығармашылық бастамаларды жүзеге асыруда креативті индустрия мен жаңа технологиялардың рөліне тоқталды.
«Президент Жолдауындағы идеяларды жүзеге асыру мәдениет саласы мен креативті индустрия өкілдерінің еңбегіне тікелей байланысты. Цифрландыру мен жасанды интеллект шығармашылыққа тың мүмкіндіктер ашып, мәдени мұраны көпшілікке қолжетімді ете түседі. Біздің басты мақсатымыз – жастардың жасампаз қуатын ел дамуына бағыттау», – деді министр.
Сонымен қатар елімізде оқу мәдениетін қалыптастыруға арналған reading-nation.kz платформасында қазіргі таңда 1,4 миллионнан астам қатысушы тіркелгені айтылды. Оқырмандар 842 мыңнан астам кітап оқып, платформаға 50 мыңнан астам бейнепікір жариялаған.
Құндылықтар мен мәдени инфрақұрылым
Министр қоғамдық әдепті нығайтуда «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарының маңызы зор екенін еске салды. Тарихи мұра мен қазіргі Қазақстанның әлеуетін бейнелеуде шығармашыл зиялы қауымның рөлі ерекше.
Жиында мемлекет басшысының 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасы да жан-жақты талқыланды. Басқосуға қатысушылар мәдени инфрақұрылымды кешенді жаңғырту және жастарға арналған заманауи креативті кеңістіктер құру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







