Жүректің қалыптан тыс жиі әрі ретсіз соғуы – адам өміріне елеулі қауіп төндіретін жүрек-қан тамырлары дертінің бірі. Медицинада жыпылықты аритмия немесе жүрекшелер фибрилляциясы деп аталатын дерт кезінде қан айналымы бұзылып, қан ұйығының түзілуі мен инсульт қаупі күрт артады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жүрек жүйесі қалай істен шығады?
Сау адамның жүрегінде оң жақ жүрекшенің жоғарғы бөлігінде орналасқан синустық түйін әрбір соғу ырғағын белгілейтін электрлік импульс таратады. Бұл сигнал жүрекшелерден өтіп, атриовентрикулярлық түйін арқылы қарыншаларға жетеді. Осылайша жүрек бірқалыпты жиырылып, ағзаға қан таратады.
Жыпылықты аритмия кезінде жүрекшелердегі электрлік сигналдар бей-берекет күйге түседі. Жүйе шамадан тыс жүктеліп, жүрекшелер толыққанды жиырылудың орнына дірілдеп, тым жиі соға бастайды.
Тыныш жағдайда сау жүрек минутына 60–100 рет соқса, жүрекшелер фибрилляциясы кезінде бұл көрсеткіш минутына 100-ден 175-ке дейін барады.
Мұндай шапшаң әрі жүйесіз жиырылу жүректің қан айдау қабілетін төмендетеді. Жүрек қуыстарында қан іркіліп, тромб түзілу қаупі туындайды.
Ағзадағы минералдар мен жасырын факторлар
Жүректің электрлік жүйесінің зақымдануына әртүрлі ішкі кеселдер себеп болады. Солардың ішінде жүректің ишемиялық дерті, жүрек жеткіліксіздігі, қақпақша ақаулары мен бұлшықет қабынулары алдыңғы орында тұр.
Сонымен бірге ағзадағы минералдар теңгерімінің бұзылуы да үлкен рөл атқарады. Мәселен, гипокалиемия, яғни калий деңгейінің тым төмендеуі жүрек ырғағын оңай бұзады. Бұған көбіне қан қысымын түсіру үшін несеп айдайтын дәрілерді бейберекет ішу себеп болады. Калийден өзге натрий, кальций және магний мөлшерінің шектен тыс азаюы не көбеюі де аритмия қаупін тудырады.
Дерттің пайда болуына кімдер бейім?
Жыпылықты аритмияның дамуына мынадай басты факторлар әсер етеді:
- Жас мөлшері: жас ұлғайған сайын, әсіресе 60–65 жастан асқаннан кейін қауіп айтарлықтай өседі;
- Артериялық гипертензия: ұзақ уақыт бақыланбаған жоғары қан қысымы жүрек бұлшықетін тоздырады;
- Генетикалық бейімділік: отбасында жүрек дерті бар адамдар бұл кеселге жиі ұшырайды;
- Артық салмақ және ұйқыдағы апноэ: семіздік жүрекке салмақ түсіріп, тыныс алудың тоқтап қалуы жүрек жұмысын ауырлатады;
- Қант диабеті мен қалқанша безінің аурулары: гормоналды өзгерістер жүрек соғысын тұрақсыздандырады.
Ұстаманы не нәрсе қоздырады?
Дерт бірден байқалмаса да, күнделікті тұрмыстағы кейбір әдеттер оның кенеттен ұстама түрінде басталуына түрткі болады. Оларды медицинада триггерлер деп атайды.
Денедегі сұйықтықтың жетіспеушілігі, ұйқының қанбауы мен кенеттен келген күйзеліс аритмия ұстамасын әп-сәтте қоздырып жіберуі мүмкін.
Ұстамаға әкелетін кең таралған триггерлердің қатарына мыналар жатады:
- Алкоголь мен темекі: спирттік ішімдікті тіпті аз мөлшерде тұтынудың өзі жүрек соғысын бұзуы мүмкін;
- Кофеин мен қуаттандырғыш сусындар: жүйке жүйесін қоздырып, импульс жиілігін арттырады;
- Ауыр күш түсу: шамадан тыс жаттығулар мен дайындықсыз жасалған ауыр физикалық жүктеме;
- Кейбір дәрі-дәрмектер: құрамында псевдоэфедрин мен фенилэфрин бар тұмауға қарсы препараттар және стероидты дәрілер.
Қауіпті қалай сейілтуге болады?
Жыпылықты аритмия көбіне бастапқыда өткінші сипатта көрініп, өздігінен тоқтауы мүмкін. Алайда уақыт өте келе тұрақты және ұзаққа созылатын қауіпті деңгейге ауысады.
Дерттің асқынуын болдырмау үшін қан қысымын ұдайы қадағалап, салмақты бірқалыпта ұстаған жөн. Құрамында қаныққан майы аз, өсімдік өнімдеріне бай тағамдарды таңдап, дәрігермен кеңесе отырып қалыпты дене шынықтырумен айналысу қажет. Дәрі-дәрмектерді, әсіресе қабынуға қарсы және суық тиюге қарсы заттарды дәрігердің бақылауынсыз қабылдамау аса маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







