Visit Shymkent туристік ақпараттық орталығы қала қонақтарына қажетті мәлімет ұсынып, Шымкенттің туристік әлеуетін ел ішінде және халықаралық нарықта таныстырумен айналысады. Орталық турист пен қызмет көрсетуші кәсіпкер арасындағы байланысты жеңілдететін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мұнда келушілерге қаланың тарихи орындары, мәдени нысандары, қонақүйлері, мейрамханалары, демалыс аймақтары мен туристік бағыттары жөнінде тегін кеңес беріледі. Мамандар қоғамдық көлік бағытын, қажетті мекенжайды, сауда және ойын-сауық орталықтарын табуға көмектесіп, туристік карта мен іс-шаралар күнтізбесін ұсынады.
Visit Shymkent ақпараттық нүктелері Іляев көшесі, теміржол вокзалы, көне Шымкент қалашығы және Арбат жаяу жүргіншілер аймағында орналасқан. Орталықтың негізгі кеңсесі Іляев көшесі, 91/1 мекенжайында жұмыс істейді. Туристер WhatsApp және телефон арқылы да кеңес ала алады.
Орталықтың міндеті анықтамалық қызмет көрсетумен шектелмейді. Мекеме туристік маршруттарды әзірлеп, қаланың тарихи-мәдени, гастрономиялық, іскерлік және отбасылық туризм бағыттарын насихаттайды. Туроператорлармен, қонақүйлермен, гидтермен және қоғамдық тамақтану орындарымен байланыс орнатып, туристік қызмет сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Visit-shymkent. com порталында көрікті орындар, орналастыру және тамақтану орындары туралы мәлімет жинақталған. Қаладағы негізгі нысандар цифрландырылып, 3D-маршруттар әзірленген. Әуежай, вокзал және автовокзалдарға туристік ақпаратқа бастайтын QR-кодтар орналастырылған.
Visit Shymkent Шымкентті өзге өңірлер мен шетелде таныстыру үшін ақпараттық тур, көрме, фестиваль және салалық кездесу ұйымдастырады. Сонымен бірге туристік нарықты талдап, келушілерге қажет жаңа қызметтерді анықтайды және инвестициялық жобаларды ілгерілетуге қатысады.
Орталық туризм саласына кадр даярлауға да көңіл бөледі. 2026 жылы әкімші, бармен, хостес, даяшы және гид-экскурсовод бағыттары бойынша тегін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды. Бағдарлама сервис сапасын көтеріп, тұрғындардың осы салада жұмысқа орналасуына жағдай жасауға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







