Павлодар қаласындағы №15 мектепте жасөспірімдер арасында есірткі, темекі және алкоголь өнімдерін пайдаланудың алдын алуға арналған «Таңдау өзіңде: зиянсыз өмір» атты кездесу өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Түсіндіру жиынына қалалық полицияның есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімі басшысының орынбасары Айбек Алкамбек қатысты. Полиция майоры оқушыларға психоактивті заттардың денсаулыққа тигізетін ауыр зардаптарын, зиянды әдеттердің адам өмірін қалай күйрететінін және жас кезеңде өз ағзасына жауапкершілікпен қараудың мәнін егжей-тегжейлі баяндады.
Теріс ықпалға қарсы тұру және интерактивті квиз
Маман жасөспірімдерді түрлі ортаның теріс ықпалына ермей, саналы таңдау жасай білуге шақырды. Кездесуде заңға қайшы заттардың таралу қаупі мен оның артында тұрған құқықтық жауапкершілік мәселелері де сөз болды.
Басқосу Жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырған танымдық квиз-ойынмен жалғасты. Оқушылар бірнеше топқа бөлініп, салауатты өмір салты мен зиянды заттардың алдын алуға қатысты сұрақтарға жауап берді. Мектеп оқушылары интерактивті форматтағы ойын арқылы дәрістен алған ақпараттарын бекітіп, өзара білім сынасты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







