Шымкентте ұлттық спортты бұқара арасында кеңінен тарату, жас спортшыларды даярлау және ірі жарыстар өткізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Қалада көкпар, бәйге, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату және ат үстіндегі сайыстарды дамытуға ерекше көңіл бөлінген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы жұмыс істейді. Мұнда тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату, белбеу күресі, көкпар, бәйге, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу және саятшылық бағыттары бойынша спортшылар даярланады.
Шымкенттің басым спорт түрлері тізіміне ұлттық спорттың 11 бағыты енгізілген. Олардың қатарында аударыспақ, асық ату, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, жаппай көкпар, көкпар, қазақ күресі, теңге ілу және тоғызқұмалақ бар. Мұндай мәртебе жаттығу үдерісін ұйымдастыруға және спортшыларды жарысқа даярлауға мүмкіндік береді.
Қала әкімдігі ұлттық спортты насихаттайтын республикалық және қалалық жарыстарға қолдау көрсетіп отыр. Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылған Qazaqstan Kokpar Cup турниріне бірнеше өңірден 100-ге жуық шабандоз қатысып, жалпы жүлде қоры 28, 5 миллион теңгені құрады.
Жаңа атшабар ұлттық ат спорты түрлерін дамытуға арналған негізгі алаңдардың біріне айналды. Мұнда көкпар мен бәйгеден бөлек, тазы жарысы да ұйымдастырылды. Құмай тазылар арасындағы ашық біріншілікке еліміздің 18 өңірінен іріктелген 36 тазы қатысты. Жарыс тазы баптау мәдениеті мен саятшылық дәстүрін дәріптеуге бағытталды.
Ұлттық спортты дамыту тек жарыс өткізумен шектелмейді. Балалар мен жасөспірімдерді тұрақты жаттығуға тарту, білікті бапкер даярлау, спорттық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету және арнайы алаңдар салу маңызды міндет саналады. Қазір көкпар ойындарын өткізуге арналған жеке аумақтың қажеттілігі де зерделеніп жатыр.
Әкімдік қолдауы ұлттық спортты кәсіби деңгейге көтерумен қатар, оны қала тұрғындарының күнделікті өміріне жақындатуға бағытталған. Шымкентте қалыптасып жатқан инфрақұрылым мен тұрақты жарыс күнтізбесі мегаполистің ұлттық спорт орталығы ретіндегі әлеуетін күшейтеді. Ендігі міндет жергілікті спортшылардың республикалық және халықаралық додаларда жоғары нәтиже көрсетуіне жағдай жасау.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







