Жапония – әлемде халқы ең жылдам қартайып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Күншығыс елінде 65 жастан асқан азаматтардың үлесі халықтың үштен біріне жуықтағанымен, жергілікті қарттар бұл жасты тоқырау емес, толыққанды әрі белсенді өмірдің жаңа кезеңі деп санайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күншығыс еліндегі егде жастағы азаматтар физикалық шектеулер туралы қалыптасқан түсініктерді жоққа шығарып келеді. Олардың арасында 80 жастан асқанда мүлде жаңа бағыттарды игеріп, рекорд жаңартқандар аз емес.
Солардың бірі – Миэко Нагаока. Ол дәстүрлі жапон театры өнерімен айналысып жүріп, тізесін жарақаттап алған соң ғана, 80 жасында алғаш рет жүзумен шұғылдана бастады. 100 жасқа толғанда «Мен 100 жастамын және әлемдегі ең үздік белсенді жүзгішпін» атты кітабын жарыққа шығарды. 105 жасқа дейін шеберлер санатындағы жарыстарға үздіксіз қатысып, өз жас ерекшелігі бойынша 18 әлемдік рекорд орнатты. Оның жаттығуына сол кезде 79 жаста болған ұлы Хироюки көмектескен.
Тағы бір аңызға айналған қария – 108 жасында өмірден өткен спринтер Хидэкити Миядзаки. Әйгілі олимпиада чемпионы Усейн Болттың құрметіне «Golden Bolt» деп аталған желаяқ 105 жасында 100 метрлік қашықтықты жүгіріп өтіп, әлемдік рекорд жасаған болатын. Тіпті мәре сызығын кескен сәтте нәтижесіне көңілі толмай, жарыс рухын жоғалтпағанын көрсеткен еді. Сонымен қатар 70, 75 және 80 жасында Эверест шыңын үш рет бағындырған альпинист Юичиро Миура да жапон қарттарының қайратын күллі әлемге паш етті.
«Мейваку» мәдениеті: өзгеге салмақ түсірмеу қағидасы
Жапония феномені тек дұрыс тамақтанумен ғана шектелмейді. Мұның астарында ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени кодекс – «мейваку» ұғымы жатыр. Жапон қоғамында жақындарына немесе мемлекетке масыл болу, біреуге ауыртпалық түсіру өлімнен де ауыр сынақ саналады.
Мұндай көзқарас егде адамдарды рухани, физикалық әрі қаржылық дербестікті барынша ұзақ сақтауға бейімдейді. Қарттар қоғамнан тыс қалмай, ортақ игілікке үлес қосуға ұмтылады.
Ресми мәліметтерге сәйкес, елдегі 60-69 жас аралығындағы тұрғындардың шамамен 70 пайызы, ал 70 жастан асқан азаматтардың тең жартысына жуығы еңбек етіп жүр немесе волонтерлік шараларға, түрлі үйірмелерге тұрақты қатысады. Осы қажеттілікті ескерген жапон компанияларының 70 пайыздан астамы зейнет жасын ресми түрде ұзартқан.
Бұлшықет қартаймайды: медицина мен тұрақты қозғалыс
Сарапшылардың пікірінше, денсаулықты сақтау үшін экстремалды спортпен айналысу міндетті емес. Тұрақты әрі жеңіл қимыл-қозғалыстың өзі ағзаға орасан зор пайда әкеледі.
Кэйо спорт медицинасы ғылыми орталығының доценті Юко Огума физикалық белсенділіктің ми қызметіне тікелей әсер ететінін алға тартады.
Юко Огума қартаю туралы бұрынғы қате көзқарастардың ғылыми тұрғыда өзгергенін атап өтті.
«Бұрын жас ұлғайған сайын бұлшықет әлсірей береді деген түсінік бар болатын. Алайда қазіргі зерттеулер қартайған шақта да бұлшықеттерді шынықтырып, күшейтуге болатынын көрсетіп отыр», – деді доцент Огума.
Маманның айтуынша, созылу жаттығулары, күнделікті серуен мен жергілікті орталықтардағы қарапайым дене шынықтыру шаралары адамның есте сақтау қабілетін жақсартып қана қоймай, әлеуметтік ортаға тез бейімделуіне жағдай жасайды.
Әлеуметтік байланыс пен өмірге деген құштарлық
Жапонияда қарттар тек үйде отырмайды. Олар мектептердегі түрлі шараларға көмектеседі, ұлттық хайуанаттар бағында шетелдік қонақтарға жол сілтейді, каллиграфия мен гүл өсіруді, музыкалық аспаптарда ойнауды үйренеді. Тіпті заманауи технологиялар мен ғаламтор сауаттылығын меңгеруге де ерекше мән береді.
Бұған 90 жасында танымал фотографқа айналып, әлеуметтік желіде 220 мыңнан астам жазылушы жинаған Кимико Нишимотоның өмірі дәлел. Ол өзінің әзілге толы суреттерімен әлем назарын аударып, қартаюды күлкі мен шығармашылыққа айналдыра білді.
Қарт азаматтардың өзара қауымдастықтар құрып, бір-бірін қолдауы да ұзақ жасаудың басты шарты саналады.
«Қоғам ішіндегі бағдарламаларды көбінесе қарттардың өздері ұйымдастырады. Олар дене бітімін шынықтыру және әлеуметтік ортадан тыс қалмау үшін бірге әрекет етеді. Дәл осы белсенділік олардың өмірге деген құлшынысын арттыра түседі», – деп толықтырды Юко Огума.
Жапон қарттарының тәжірибесі ұзақ жасаудың сыры тек генетика мен медицинада ғана емес, мақсатты өмір сүруде, қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылыс пен тоқтаусыз қозғалыста екенін дәлелдейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







