Қазақстан Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 зейнетақы жүйелерінің халықаралық рейтингінде 55 ел мен аумақтың ішінде 29-орынға ие болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Еліміз 100 балдан 64,8 балл жинап, АҚШ, Испания, Қытай, Жапония, Италия және Оңтүстік Кореяны басып озды.
Рейтингті құру кезінде сарапшылар зейнетақы төлемдерін, ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылықты және зейнетақы қорларын басқару сапасын бағалаған.
Қазақстан ең мықты позицияны зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы көрсеткіші бойынша көрсетті. Бұл өлшем бойынша еліміз 74,4 балл жинап, әлемде 8-орынға тұрақтады. Бұл ұзақмерзімді келешекте зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету қабілетін бағалауды білдіреді.
Қазақстан тағы бір жоғары нәтижені зейнетақы жүйесін реттеу және басқару сапасы бойынша алды – 100-ден 83 балл және 19-орын.
«Қазақстанның зейнетақы жүйесі әртүрлі табыс деңгейіндегі азаматтар үшін салықтарды шегергеннен кейінгі жоғалған табысты зейнетақымен алмастырудың айтарлықтай жоғары коэффициентін қамтамасыз етеді, сондай-ақ қызметкерлерді кәсіби зейнетақы бағдарламаларымен кеңінен қамтумен сипатталады. Сонымен қатар жүйе тиімді реттеу мен басқарумен, зейнетақы жүйесіне қатысушылардың құқықтарын қорғаудың жоғары деңгейімен және азаматтарды жақсы жолға қойылған ақпараттандырумен ерекшеленеді», – делінген сарапшылар қорытындысында.
Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 – жеткіліктілік, тұрақтылық және тұтастық көрсеткіштері бойынша әлемнің 55 зейнетақы жүйесін салыстыратын жыл сайынғы халықаралық рейтинг.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







