Шымкенттік жас ақын әрі жазушы Сүндет Сейітовтің шығармалары АҚШ пен Австралиядағы кітапхана қорларына қабылданды. Қаламгер Жұмабек Тәшенев атындағы университет студенттерімен кездесіп, шығармашылық жолы және кітаптарын шетелге таныту тәжірибесі туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Автордың философиялық өлеңдері топтастырылған «Ұмытпаймын» жинағы мен «Дрон-шоу» туындысы ағылшын тіліне аударылған. Қазір аталған еңбектер АҚШ-тың 31 штаты мен Вашингтон қаласындағы 198 кітапхана жүйесінің электронды каталогына енгізілді. Шығармалар Австралиядағы бірқатар кітапхана қорын да толықтырған.
Халықаралық нарыққа шығу тәжірибесі
Мұндай нәтижеге жету үшін Сүндет Сейітов шетелдік баспалар мен кітапханаларға 300-ден астам ресми хат жолдаған. Ұзаққа созылған ізденістен кейін америкалық тараптың бірінен жауап келіп, шығармаларын жіберу туралы ұсыныс түскен. Кейін келісім жасалып, кітаптары ағылшын тіліне тәржімаланған.
– Бұл біраз уақытты талап еткен ұзақ жұмыс болды. Шетелдік баспаларға 300-ге жуық хат жібердім. Кейін Америкадағы бір штаттан жауап алып, кітаптарымды жолдадым. Шығармаларымда көтерілген тақырыптар оларға ұнаған болуы керек. Содан соң келісім жасалып, туындыларым ағылшын тіліне аударылды, – деді Сүндет Сейітов.
Университетте өткен кездесуге әдебиетке қызығатын студенттер қатысты. Жастар қаламгердің туындыларын жатқа оқып, шығармашылық ізденісі, психологиялық тақырыптарды игеруі және кітапты халықаралық нарыққа шығару жолдары жөнінде сұрақ қойды.
АҚШ Авторлар гильдиясы және болашақ жоспар
Студент Мелек Әлиева кездесуден кейін кітап оқуға деген қызығушылығы арта түскенін айтты. Оның сөзінше, жазушының адам психологиясын ашып, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын повестері ерекше әсер қалдырған.
Сүндет Сейітов АҚШ Авторлар гильдиясына қабылданған алғашқы қазақстандық қаламгер ретінде де таныстырылып жүр. Оның бастамасы қазақ әдебиетін шетелдік оқырманға жеткізуде жеке ізденіс пен табандылықтың маңызды екенін көрсетті. Енді автор шығармаларын Еуропа елдерінің кітапханалары мен баспаларына ұсынуды жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







