Шымкенттегі Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхана тәулік бойы жұмыс істеп, жастардың қазақ әдебиетін еркін оқуына жаңа мүмкіндік ашты. Күндіз сабақта немесе жұмыста болатын оқырмандар енді кешкі және түнгі уақытта рухани мұрамен танысып, қажетті әдебиетін пайдалана алады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сағат түнгі 23: 50 болғанда мемлекеттік мекеменің көбі жұмысын аяқтайды. Ал кітапхана осы уақытта да оқырман қабылдап жатады. Жастардың бір бөлігі жаңа күнді ойын-сауық орнында емес, кітап оқып қарсы алуды таңдай бастаған.
Пушкин атындағы кітапхана 7 шілдеден бері 24/7 тәртібіне көшкен. Бұған дейін пилоттық жоба аясында мекеме аптасына үш күн кешкі сағат онға дейін қызмет көрсеткен. Сол кезеңде келушілер санының өсуі кітапхананы тәулік бойы ашық ұстауға негіз болды.
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Жанат Асқарбекқызы жаңа жұмыс тәртібі қала тұрғындарының кітапқа қызығушылығы жоғары екенін көрсеткенін айтты. Әсіресе уақыт тапшылығын сезінетін студенттер мен жас мамандар үшін түнгі кітапхана қолайлы білім кеңістігіне айналған.
Медицина саласында білім алып жүрген Мөлдір Үсен күндіз сабақ пен тәжірибеден босамайтынын жеткізді. Енді ол кешкі уақытта кітапханаға келіп, тыныш ортада дайындалып, кәсіби әдебиетті қарай алады.
Оқырмандар сұранысы мен ұлттық мұра
Оқырмандар арасында салалық, мотивациялық және көркем шығармалар сұранысқа ие. Қазақ әдебиетінен Дулат Исабековтің туындылары жиі оқылады. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына қызығушылық та бәсеңдеген жоқ. Мемлекет басшысы оқуға ұсынған кітаптарды іздеп келетін азаматтар да бар.
Қазақ әдебиетін ұлықтау кітап қорын сақтаумен ғана шектелмейді. Ұлттық шығармаларды жастардың күнделікті оқу дағдысына енгізіп, ондағы тарихи жадыны, тіл байлығын және адамгершілік ұстанымды бойына сіңіру маңызды.
Кітапхананың тәулік бойы қызмет көрсетуі осы міндетті орындаудың заманауи жолына айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







