Шымкентте ерекше қажеттілігі бар жастардың спорттық және шығармашылық қабілетін дамытуға арналған «Шексіз мүмкіндік» жобасы қорытындыланды. Бірнеше айға созылған бастама 200-ден астам жасты қамтып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сәуір айында басталған жоба қатысушылардың бойындағы қабілетті ашуға және бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға бағытталды. Жастар спорт, музыка, би және қолөнер саласы бойынша өз мүмкіндігін сынап, жаңа тәжірибе жинады.
Жоба аясында үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақтан арнайы турнирлер өткізілді. Сайысқа 60-тан астам жас қатысып, бірі шапшаңдығы мен спорттық дайындығын көрсетсе, енді бірі логикалық ойлау және жылдам шешім қабылдау қабілетімен ерекшеленді.
«Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрмет Керімбековтің айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – ерекше қажеттілігі бар жастардың спорттық, шығармашылық және қолөнер дағдысын дамыту.
«Әр жасқа өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік беру маңызды. Жоба сәуір айында басталып, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған мерекеге орай ұйымдастырылды. Қатысушылар бірнеше бағыт бойынша шеберлігін шыңдады», – деді ол.
Қорытынды іс-шарада 15 жас сахнаға шығып, ән айтып, би биледі. Қолөнермен айналысатын қатысушылар жасаған бұйымдарын көпшілікке таныстырды.
Жоба қатысушысы Салих Қалиев көрерменнің қолдауы мен ізгі тілегі жастарға жігер беретінін айтты. Оның сөзінше, фестиваль әншілер мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің басын қосып, жаңа мақсаттарға ұмтылуға мүмкіндік берген.
Спорттық турнирлерде үздік нәтиже көрсеткен жастар арнайы марапатқа ие болды. Ұйымдастырушылар қатысушылардың туған қаласының тарихы мен мәдениетін танып-білуіне де назар аударды. Осы мақсатта 100-ден астам жасқа Шымкенттің көрікті, тарихи орындары бойынша экскурсия ұйымдастырылды.
«Шексіз мүмкіндік» жобасы ерекше жастарға тек өнері мен шеберлігін көрсетуге емес, жаңа орта тауып, өзіне деген сенімін нығайтуға жол ашты. Мұндай бастамалар олардың қоғамдық өмірге араласуын арттырып, әр адамның қабілетін кедергісіз дамытуға болатынын дәлелдейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







