Шымкентте Қазақстан Суретшілер одағына жаңа мүшелер қабылдау жөніндегі комиссия отырысы өтіп, жергілікті қылқалам шеберлерінің шығармалары кәсіби сараптамадан өтті. Төрт үміткердің туындыларын бағалаған қазылар үш суретшіні республикалық шығармашылық ұйымның қатарына қабылдауға ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Комиссия отырысы аясында ұйымдастырылған көрмеге үміткерлердің 35-ке жуық еңбегі қойылды. Кескіндеме туындыларында суретшілердің қоршаған ортаға көзқарасы, ішкі толғанысы мен көркемдік ізденісі көрініс тапқан. Әр автор тақырыпты өзіндік мәнермен ашып, түс пен бейне арқылы көрерменге ой салады.
Қазақстан Суретшілер одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әбдімүтәліп Ахметов шығармашылық ұйымға кәсіби деңгейі қалыптасқан дарынды азаматтарды қабылдауға басымдық берілетінін айтты.
– Бізге талантты адамдар қажет. Сондықтан шығармашылық деңгейі жоғары, өзіндік қолтаңбасы бар суретшілерді іріктеп, одақ қатарына қабылдауға тырысамыз, – деді Әбдімүтәліп Ахметов.
Үміткерлердің бірі Әсел Ануардың шығармаларынан ұлттық сарын анық байқалады. Қылқалам шебері отбасы құндылығы, адамгершілік ұстаным мен ұрпақ сабақтастығын көркем бейнелер арқылы жеткізеді. Оның пікірінше, одақ мүшесі атану кәсіби шеберлікті жетілдіруге, жеке стилін дамытуға және еңбегін кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.
– Жасанды интеллект дәуірінде адамның қолымен салынған шынайы картинаның құндылығы арта түседі. Өз шығармашылығымды көпшілікке ұсынып, адамдарды өнердің әсем әлемімен жақынырақ таныстырғым келеді, – деді суретші Әсел Ануар.
Шымкентте кескіндеме, мүсін және сәндік-қолданбалы өнермен айналысатын авторларға кәсіби орта мен көрме алаңы аса қажет. Осындай комиссиялық отырыстар жергілікті суретшілердің шығармасын саралап қана қоймай, олардың республикалық деңгейге шығуына жол ашады. Сонымен бірге қаладағы өнер қауымдастығының байланысын нығайтып, тәжірибе алмасуға жағдай жасайды.
Көрмеге келген тұрғындар үміткерлердің жұмыстарымен танысып, әр туындыдағы ұлттық бояу мен авторлық ізденісті бағалады. Мамандардың оң пікіріне ие болған үш суретшінің одақ мүшелігіне ұсынылуы Шымкенттегі бейнелеу өнерінің жаңа есімдермен толығып келе жатқанын аңғартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







