Шымкент – еліміздегі ең жылы қалалардың бірі әрі тарихи орындары, саябақтары мен ұлттық тағамдары арқылы туристерді көп қабылдайтын мегаполис. Қаладағы негізгі көрікті жерлердің бағасы әзірге қарапайым отбасының қалтасына ауыр салмақ түсірмейді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Көрікті орындарға кіру құны
Мәселен, Шымкент зообағына кіру билеті ересектерге 800, студенттерге 600, 6–17 жастағы балаларға 400 теңге тұрады. Алты жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтар тегін кіре алады. Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақтың билеті – 100 теңге. Мектеп оқушылары мен бірқатар әлеуметтік санат үшін кіру тегін, сондай-ақ таңғы 05:00–07:00 және түнгі 23:00–01:00 аралығында ақы алынбайды.
«Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде оқушылар билеті 200, студенттердікі 300, Қазақстан азаматтары үшін 500, шетелдік туристерге 1000 теңге болып белгіленген.
Осы бағаларға қарағанда, төрт адамнан тұратын отбасы қаланың үш негізгі нысанын аралауға шамамен 3–5 мың теңге жұмсайды. Демек, жолақы мен тамақтануды есептемегенде, мәдени-танымдық демалыс көпшілікке қолжетімді.
Қонақүйлер мен инфрақұрылым
Негізгі шығын қонақүй мен қоғамдық тамақтану қызметіне түседі. Қалада бюджеттік нөмірлер 8,9 мың теңгеден, жайлы қонақүйлер 16 мың теңгеден басталады, ал орта және жоғары санаттағы бөлмелер 25–35 мың теңгеге дейін барады. Сондықтан отбасы бюджетін үнемдеу үшін тұрғын үй мен туристік бағытты алдын ала таңдағаны дұрыс.
Әкімдік те жеке сектордан шет қалып отырған жоқ. Туристік кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері іске асырылып, қонақүй салу, инфрақұрылымды жақсарту және қызмет сапасын көтеру бағыттары қамтылған. Қазір бес жаңа қонақүй пайдалануға беріліп, тағы сегіз нысан салынып жатыр. Былтыр Шымкентке 550 мыңнан астам турист келген.
Бағаны әкімшілік жолмен ұстап тұрудан гөрі, кәсіпкерлер арасындағы бәсекені күшейту маңызды. Қолжетімді қонақүй, отбасылық мәзір, бірыңғай туристік билет пен ашық баға жүйесі дамыса, жылы Шымкент тұрғындар үшін де, қонақтар үшін де қолайлы бағытқа айнала түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







