Украина президенті Владимир Зеленский мен Украина Қауіпсіздік қызметі (СБУ) 23 қарашада Ливияның Бенгази порты маңында ресейлік «Меркурий» корветінің суға батырылғанын мәлімдеді. Anadolu Ajansı мен «Америка дауысы» басылымдары хабарлағандай, операция барысында кеме бортындағы Ка-27 тікұшағы жойылып, санкцияға іліккен MV Angara жүк кемесіне де соққы жасалған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Украина тарапының мәлімдемесі және кеме сипаттамасы
Зеленскийдің айтуынша, операцияға украиналық өндірістегі жеті теңіз дроны тартылған. Украина басшысы 2020 жылы суға түсіріліп, толық ауқымды соғыс кезінде — 2023 жылы қарулануға қабылданған «Меркурий» корветін Ресей флотындағы жаңа кемелердің бірі ретінде сипаттады.
СБУ деректеріне сүйенсек, борт нөмірі 734 көпмақсатты 20380 жобасындағы корвет Қара теңіз флотына тіркелген және ресейлік теңіз конвойларын, соның ішінде MV Angara жүк кемесін күзетумен айналысқан.
Сонымен қатар бастапқы мәліметте көрсетілгендей, бұған дейін ресейлік ақпарат құралдары аталған кеменің «Заслон» көпфункционалды радиолокациялық кешенімен, «Уран» зымыран кешенімен, «Пакет-НК» сүңгуір қайыққа қарсы жүйесімен, «Редут» зениттік-зымыран кешенімен және 100 миллиметрлік А-190 «Универсал» артиллериялық қондырғысымен жабдықталғанын хабарлаған еді.
Шетелдік ақпарат агенттіктері мен тәуелсіз бақылаушылар да оқиғаның егжей-тегжейін жариялады. Reuters пен Associated Press арқылы тараған Planet Labs және Vantor компанияларының спутниктік суреттері 22 қарашада Бенгази портында өрт шығып, «Меркурий» корветінің аударылып суға кеткенін, су бетінде тек тұмсық бөлігі ғана көрініп тұрғанын растады. Associated Press дереккөздері шабуылдаған дрондардың кемінде төртеуі тосқауылданып жойылғанын, ал екеуі кемеге тигенін жазды.
Шығыс Ливия билігі кеменің Ресейге бет алған жолда азық-түлік пен отын қорын толықтыру үшін Бенгази портына тоқтағанын және шабуыл салдарынан жойылғанын растады.
Ал Al Jazeera телеарнасының дереккөздері кемеде қару-жарақ, оқ-дәрі және дрондар болғанын, жарылыс салдарынан Ресей мен Ливия азаматтары арасында қаза тапқандар барын хабарлады.
Ресей тарапының ұстанымына келсек, Белсат арнасы Кремльдің әскери кеменің жоғалуына байланысты ресми түсініктеме беруден бас тартқанын атап өтті. Дегенмен ресейлік «Толк» басылымы «Меркурийдің» Бенгазиге жанармай құюға кірген сәтте экипажсыз екі катердің соққысынан кейін суға батқанын, ал дрондардың бір бөлігіне тосқауыл қойылғанын хабарлады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







