Шымкентте балаларға арналған шығармашылық байқауларды өткізу тәртібіне бақылау күшейтілмек. Мұндай шешім жеке ұйымдастырушылар өткізген кейбір іс-шарадан қауіпсіздік, қазылар бағасының әділдігі және қатысу жарнасына қатысты кемшілік анықталғаннан кейін қабылданды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жас таланттарға ашық әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында қалалық мәдениет басқармасы алғаш рет «Мәдениетім – мерейім! » байқауын ұйымдастырды. Өнер додасына 5 пен 14 жас аралығындағы 200-ге жуық бала қатысты. Олар вокал, хореография және домбыра тарту бағытында қабілетін көрсетті.
Қатысушылар қатарында бес-алты жастағы бүлдіршіндерден құралған «Көзайым» би ансамблі де болды. Топ жетекшісі Айжан Төлегеннің айтуынша, қыздар бір ай бойы дайындалған. Көпшілігі үлкен сахнаға алғаш рет шыққанына қарамастан, өнерге деген ынтасын көрсете білді. Балалардың талпынысына ата-аналары да белсенді қолдау көрсеткен.
Қазылар алқасының мүшесі Абылайхан Оспанов бала өнерін бағалау үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Өйткені жас қатысушы мақтау мен сынға ерекше сезімтал келеді. Сондықтан қазылар баланың талабын жоймай, орындаушылық шеберлігі мен сахна мәдениетін әділ саралауы керек.
Қалалық мәдениет басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бұған дейін мұндай байқаудың басым бөлігін жеке компаниялар ұйымдастырып келген. Алайда өзге қала мен ауданнан келген балаларды алып жүру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төрешілер шешімінің ашықтығына қатысты мәселе туындаған. Кейбір ұйымдастырушы әр баладан 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін қатысу жарнасын алған.
Жарна төлеген әр қатысушыға жүлде уәде ету немесе орындарды алдын ала бөлу байқаудың беделін төмендетеді. Мұндай тәсіл баланың қабілетін дамытуға емес, іс-шараны табыс көзіне айналдыруға әкелуі мүмкін. Сол себепті ұйымдастырушының жауапкершілігі, қазылар құрамы, бағалау өлшемі мен төлем көлемі алдын ала жариялануға тиіс.
Алдағы уақытта мәдениет және білім басқармалары балалар шығармашылығына арналған байқауды ай сайын өткізуді жоспарлап отыр. Жеке компаниялар ұйымдастыратын іс-шараларға да талап күшейтілмек. Өйткені, шығармашылық дода ақша жинайтын алаң емес, жас өнерпаздың қабілетін ашатын шынайы мүмкіндікке айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







