Айтыскер ақын Нұрлан Есенқұловтың алғашқы кітабы жарық көрді. «Шабыт шалқығанда» деп аталатын жинаққа автордың әр жылдары өткен 23 айтысы енген. Шымкентте жаңа кітаптың тұсаукесері өтіп, ақынның шығармашылық мұрасы оқырманға таныстырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханада айтыскер ақын Нұрлан Есенқұловтың «Шабыт шалқығанда» атты кітабының тұсаукесері өтті. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылған әдеби кешке қоғам және мәдениет қайраткерлері, қаламгерлер мен айтыскер ақындар қатысты.
«Қазақ айтысының ақтаңгері, қиқулы айтыстың қас шебері Нұрлан бауырымыздың шығармашылық кешіне арнайы Алакөлден ат басын бұрып келдік. Өйткені Нұрлан бауырымыз тек қана ақын емес, өте керемет талғампаз әнші, нақыл сөздерді теріп айтатын термеші. Балуандығы да бар. Сондықтан Нұрлан кешегі сал-серілердің сарқыты секілді. Әрбір айтысына өте мұқият, ыждағаттылықпен дайындалып, әр сөзіне мән береді. Халықтың сөзін сөйлеп, елдің сөзін айтып, көрерменнің қошеметіне бөленіп жүрген ақын», – деді айтыскер ақын Серік Қалиев.
Ақынның шығармашылық жолындағы айтыстары енді бір жинаққа топтастырылды. Кітапқа енген 23 сөз сайысы бірнеше жылды қамтиды. Олардың қатарында Абылай ханның 300 жылдығына, Төле бидің 350 жылдығына және Тәуелсіздікке арналған айтыстар бар. Сонымен қатар Абай, Шәкәрім, Қаныш Сәтбаев секілді тарихи тұлғалар да жырға арқау болған. Автор әр айтысында ел тарихы мен қоғамдағы өзекті мәселелерді өлеңіне қосуға мән берген.
– Бүгін «Шабыт шалқығанда» атты айтыстар жинағын дүниеге әкеліп, қатты қуанып отырмын. Бұл ерекше қуаныш. Шынында да, артынан сөзден ескерткіш қалдырған, сөзден ескерткіш соққан тұлғаларымыз көп қой. Біз де сол кісілердің кітаптарын оқып өстік. Өзіміздің де бір кітабымыз болса екен деп қатты армандайтын едік. Алғашқы кітабым осы айтыстар жинағын шығару арқылы жарық көріп отыр, – деп атап өтті Нұрлан Есенқұлов.
Өнердегі әріптестері жаңа жинақтың жас айтыскерлер үшін де маңызы зор екенін айтады. Кітаптағы сөз сайыстары кейінгі буынға айтыс өнерінің қыр-сырын танып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Ал автор алдағы уақытта поэзиялық шығармаларын да жеке кітап етіп шығаруды жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







