Шымкент пен Түркістан облысынан барған 101 шебер Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында көрсетілген құрақ көрпе композициясын жасауға қатысты. Гиннес рекордтар кітабына енген туындыны әзірлегендердің бірі, 75 жастағы Жібек Орынбаева қазір құрақ құраудың қыр-сырын келініне үйретіп жүр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жібек апа құрақ тігуді бала кезінен меңгерген. Қазір ол келініне матаның түсін үйлестіруді, өрнек құрауды және қиындыны ұқыптап тігуді көрсетеді. Шебердің айтуынша, бұрын қыз жасауына құрақ көрпе міндетті түрде қосылған. Оны тіккенде жас жұбайларға бақыт тілеген.
«Өнер өлмеуі керек. Бұрын қыз жасауын дайындағанда бақыт тілеп, міндетті түрде құрақ көрпе тігетін. Қазір осы өнерді келініме үйретіп жүрмін. Ол әрі қарай жалғасып, кейінгі ұрпаққа беріледі», – деді Жібек Орынбаева.
Әлемдік рекордқа жеткен алып композиция
Қазақтың құрақ тігу өнерін халықаралық деңгейде таныстыруды көздеген жоба аясында көлемі 230×90 сантиметр болатын 660 көрпе тігілді. Оларды біріктірген композицияның жалпы ауданы 1366 шаршы метрге жетті. «Медеуге» келген көрермен дайын туындыны тамашалап, шеберлердің құрақ тігу барысын да көрді.
«Аламан» жобасының бастамашысы Нұргүл Абайханның айтуынша, жалпы 660 қатысушының 101-і Шымкент пен Түркістан облысынан барған. Жобаға алты жастан тоқсан жасқа дейінгі адам қатысты. Тоқсан жастағы ақсақал шеберлерге бата берген. Нұргүл Абайхан Шымкент әкімдігіне қолөнершілерді қолдағаны үшін алғыс білдіріп, осындай жобалар жастардың ұлттық өнерге қызығушылығын арттыратынын атап өтті.
Ұрпақтар сабақтастығы және дәстүр жалғасы
Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынованың айтуынша, балалар да әжелерімен бірге көрпе тігуге атсалысқан. Әжесінің қасында отырып мата қиындысын іріктеген бала өрнектің қалай құралатынын өз көзімен көрді. Рекорд орнатуға үлес қосқан шеберлерге алғыс хаттар мен «Ерен еңбегі үшін» медальдары табысталды.
«Медеуде» көпшілікке көрсетілген құрақ көрпенің әр бөлігі жеке шебердің қолынан шыққан. Ал сол өнердің жалғасы Жібек апаның үйінде көрініс тауып отыр. Ол бала күнінен меңгерген шеберлігін келініне үйретіп, қыз жасауына құрақ көрпе қосу дәстүрінің мәнін де түсіндіріп жүр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







