Канададағы Уотерлу университетінің зерттеушілері күн сәулесі мен арнайы катализатордың көмегімен пластик қалдықтарын сірке суының негізгі компоненті саналатын сірке қышқылына айналдырудың тың әдісін тапты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғаламдық пластик дағдарысы және жаңа шешім
Жыл сайын дүниежүзінде жүздеген миллион тонна пластик өндіріледі. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының дерегінше, бұл көлем жылына 400 миллион тоннадан асады. Бірақ осы орасан қоқыстың тек 9 пайызға жуығы ғана қайта өңделеді. Қалған басым бөлігі полигондарға көміледі, өртеледі немесе табиғатқа тарап, микропластикке айналады. Әдетте бір ғана пластиктің толық ыдырауына жүздеген жыл кетеді.
Уотерлу ғалымдары осы түйткілді шешу үшін күн сәулесінен қуат алатын фотокатализ жүйесін құрастырды. Әзірлеме қоқысты жай ғана жойып қоймай, оны құнды химиялық шикізатқа айналдырады.
«Біздің мақсатымыз – күн сәулесінің қуатымен микропластик қалдықтарын өндірісте жоғары бағаланатын пайдалы өнімге айналдырып, ғаламдық ластануды түбегейлі шешу», – деді ғылыми жоба жетекшісі, профессор Имин Ву.
Табиғаттан алынған идея
Ғалымдар бұл тәсілді ойлап табуда табиғаттың өзінен шабыт алған. Мәселен, кейбір саңырауқұлақтар мен бактериялар ағаштың қатты органикалық құрылымын арнайы ферменттер арқылы кезең-кезеңімен ыдыратады. Мамандар дәл осы биологиялық процесті жасанды катализатор арқылы қайталады.
Жүйе үшін көміртегі нитридіне бекітілген жеке темір атомдары қолданылды. Күн сәулесі тиген сәтте реакция іске қосылып, пластиктің күрделі полимерлік байланыстары үзіледі. Нәтижесінде ол таза сірке қышқылына айналады.
Өндірістегі маңызы мен болашағы
Бұл химиялық процесс суда жүреді. Сондықтан жаңа әдіс мұхиттар мен өзендердегі микропластиктерді тазартуға өте қолайлы. Тәжірибе барысында технология күнделікті тұрмыста жиі кездесетін PET, PVC, полиэтилен және полипропилен сияқты пластмасса түрлерінде жоғары тиімділік көрсетті. Сонымен қатар аралас қоқыс құрамында да жұмыс істей алатыны дәлелденді.
Алынған сірке қышқылы тамақ өнеркәсібінде, химиялық өндірісте және энергетика саласында кеңінен қолданылатын маңызды өнім саналады.
Зерттеушілердің бұл жаңалығы пластикті жай ғана өртеп жіберудің немесе көмудің орнына, одан экономикалық пайда табуға және табиғатты сақтауға жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







