Құрылтайда мемлекеттік шекарадан 50 шақырым қашықтықтағы елді мекендерге арнайы құқықтық мәртебе беріп, тұрғындар мен мамандарға қосымша жеңілдіктер ұсынатын жаңа заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Парламент қабырғасында өткен Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің отырысында шекара маңындағы аумақтардың экономикалық дербестігін күшейту мәселесі сөз болды. Заң жобасы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында депутаттардың бастамасымен әзірленген. Жаңа құжат елдің шеткі аймақтарындағы демографиялық тепе-теңдікті сақтауға, өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға және жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға негізделген.

Экономикалық орта және инфрақұрылымды жаңғырту
Комитет төрағасы Әмірбек Оспанбеков шекаралық аудандарды қолдаудың стратегиялық мәніне тоқталды. Оның айтуынша, басты назар азаматтардың көшіп кетпей, туған жерінде кәсіп ашып, тұрақты табыс табуына жағдай жасайтын қолайлы орта қалыптастыруға аударылып отыр.
Депутат аталған аумақтардың тұрғындарына мемлекет тарапынан жасалатын көмек шараларының түпкі мәнін түсіндірді.
«Біздің басты мақсатымыз – осы аудандарда өзін-өзі қамтамасыз ететін экономикалық орта қалыптастыру. Бұл тұрғындарға сол жерде жай ғана өмір сүруге ғана емес, тұрақты жұмыс істеуге, өз кәсібін ашуға, өндіріс орындарын іске қосуға және лайықты табыс табуға мүмкіндік береді», – деді Әмірбек Оспанбеков.
Өз кезегінде Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров шекара шебіндегі елді мекендерді сауда, көлік, логистика және халықаралық ынтымақтастық әлеуеті зор кеңістік ретінде қарастыру керектігін жеткізді. Ол инфрақұрылымды жаңартып, білікті мамандарды тарту арқылы ғана халықтың тұрмыс сапасын арттыруға болатынын атап өтті.
50 және 25 шақырымдық меже мен жалақыға қосылатын үстеме
Заң жобасының негізгі нормаларын Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр баяндады. Ұсынылған құжат шекаралық аумақтардың ресми тізілімін қалыптастыруды және оларды екі санатқа бөліп қолдауды көздейді.
Мемлекеттік шекарадан 50 шақырым аралықта жатқан әкімшілік аумақтар шекара маңындағы өңірлер қатарына жатқызылса, шекара сызығына тікелей жақын орналасқан 25 шақырым ішіндегі шалғай ауылдарға ерекше жеңілдетілген шаралар қарастырылмақ.
Депутат Ерлан Сайыр заң жобасының басты міндеттері мен реттеу тетіктерін нақтылады.
«Заң жобасының нысанасы – шекараға шектес аумақтардың құқықтық мәртебесін беру, мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін анықтау және жоспарлау, қаржыландыру және кредиттеу тетіктерін жасау. Экономикалық негізділік, келісімділік, әділеттілік және қауіпсіздік қағидаттары бекітілетін болады», – деді Ерлан Сайыр.
Құжатта білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өңдеу саласы және туризмді дамыту шаралары қамтылған. Мемлекеттік қолдау тетіктері ретінде кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар беру, тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру және инвестицияларға кепілдік беру ұсынылуда. Сондай-ақ шекара бойындағы шалғай елді мекендердегі маңызды салаларда еңбек ететін азаматтық қызметшілердің лауазымдық жалақыларына жоғарылатылған арнайы коэффициенттер мен үстемеақылар белгілеу қарастырылған.
Отырысқа салалық министрліктер мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Құрылтайда айтылған барлық ұсыныстар депутат Тұрарбек Тілемісов жетекшілік ететін арнайы жұмыс тобының жиындарында жан-жақты талқыланатын болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







