Шымкенттің Сайрам тұрғын алабындағы Қарашаш ана кесенесін халық Қожа Ахмет Ясауидің анасы Айша бибі жерленген орын деп қастерлейді. «Ескерткіштер ел есінде» жобасының кезекті шығарылымы осы нысанға арналды, ал оның бүгінге жеткен ғимаратын археолог Михаил Массон XIX ғасырдың ортасына жатқызған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аңыз бен тарихи деректер тоғысы
Қарашаш ана туралы мәлімет XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында жазылған Испиджаб әулиелері жайлы еңбекте және ауызша аңыздарда кездеседі. Ел ішіндегі әңгімелердің бірінде Айша бибі Сайрамдағы Мұса шейхтың қызы, өз дәуірінің білімді әрі тақуа әйелдерінің бірі ретінде сипатталады. Кесененің атауы да аңызбен байланысты.
Аңыз бойынша, бір кезде күмбездің ұшар басына Айша бибінің бір бұрым қара шашы байланған.
Кесененің салыну мерзімі және сәулеті
Зерттеушілер Айша бибі жерленген жерге ертеректе кесене немесе мешіт салынған болуы мүмкін деп жорамалдайды. Сол алғашқы құрылыстың нақты мерзімі белгісіз. Ал қазіргі кесене, Массонның дерегі бойынша, 1851–1852 жылдары тұрғызылған. Археолог бұл мерзімді құрылысқа куә болған адамдардың әңгімесіне сүйеніп көрсеткен. Ескерткіш туралы мәлімет оның 1925 жылы жарық көрген «Көне Сайрам» тарихи-археологиялық очеркінде жарияланды. Кейін мамандар кесененің өлшемін алып, сызбасын жасады. 1983 жылы қалпына келтіру жұмыстарына байланысты өлшемдер қайта нақтыланды.
Кесене тас іргеге күйдірілген кірпіштен салынған. Бір бөлмелі ғимараттың өлшемі шамамен 6,8 × 8,6 метр, биіктігі 7,25 метр. Төртбұрышты қабірхананың үстіне күмбез орнатылған. Сәулеттік ерекшелігі – батыс және оңтүстік қапталындағы сүйір аркалы қос портал. Батыс жағында кіреберіс есік, оңтүстік жағында торлы терезе орналасқан. Ішінде Қарашаш ананың мәрмәр тақташалармен қапталған бейіті бар. Күмбездің пішіні кеңестік кезеңдегі бірнеше жөндеу барысында өзгерген.
Зиярат дәстүрі және туристік әлеуеті
Кесене 1982 жылдан бері мемлекет қорғауында және республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші саналады.
Қалыптасқан зиярат дәстүрінде жолаушылар әуелі Сайрамдағы Қарашаш ана кесенесіне соғып, одан кейін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған.
Бүгінде бұл нысан зиярат етушілермен бірге Сайрамның тарихы мен оңтүстік өңірдің күмбезді құрылыс үлгісін танығысы келетін саяхатшыларды да тартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







