Қан тамырларындағы ұйынды санаулы минут ішінде жүректі тоқтатып немесе ми қантамырын бітеп, адам өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін. Соған қарамастан, ағза тромб түзу процесін ешқашан тоқтатпайды және оның өзіндік маңызды биологиялық себебі бар, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, тромб терең веналарда, мәселен аяқта пайда болса, ол терең веналар тромбозы деп аталады. Ал ұйынды беткей тамырға тұрып қалып, қабыну тудырса, тромбофлебит дертіне ұласады. Екі жағдайда да дер кезінде емделмесе, салдары өлімге әкелуі ықтимал. Дегенмен адам ағзасы үшін қан ұю механизмі аса қажет табиғи қалқан саналады.
Тромбтың қорғаныс қызметі
Жүрек-қан тамырлары хирургы Дмитрий Быстраковтың түсіндіруінше, адам ағзасында бір мезетте екі түрлі қорғаныс жүйесі қатар жұмыс істейді. Оның бірі — қан тоқтату үшін тромб түзу болса, екіншісі — ұйындыны еріту (фибринолиз) қызметі. Барлық мүше мен ағзаның қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету үшін осы екі процесс мінсіз тепе-теңдікте тұруы қажет.
Маман адам кездейсоқ жарақат алған сәтте тромбтың өмірді қалай сақтап қалатынын сипаттап берді:
«Кездейсоқ қолыңызды кесіп алдыңыз делік, жарадан қан аға бастайды. Оны не тоқтатады? Әрине, сол тромб: ол жараны лезде жауып тастайды. Ал қан тоқтаған бетте, тромб шамадан тыс өсіп, ағзаға зиян келтірмес үшін ұюға қарсы жүйе іске қосылады».
Тромб қашан өмірге қатер төндіреді?
Қан тамырында атеросклеротикалық түйіншек (бляшка) түзілгенде, жағдай мүлде басқа сипат алады. Ағза бұл түйіншекті тамыр қабырғасының ішкі ақауы немесе зақымы ретінде қабылдайды. Нәтижесінде табиғи қорғаныс тетігі қосылып, ағза тамырдың бүлінген тұсын жамауға тырысады. Тері кесілгенде қандай процесс жүрсе, тамыр ішінде де дәл сондай ұю тізбегі іске қосылып, түйіншек бетінде тромб ұлғая бастайды.
Тамыр арнасының тарылуы салдарынан қан айналымы бұзылып, өте қауіпті диагноздар туындайды. Хирург Быстраков осы процестің қаупін атап көрсетті:
«Нағыз қауіп осы кезде туындайды: тромб тамыр саңылауын бітеп тастайды да, мүшеге оттегі бармай қалады. Мұның соңы инфаркт, инсульт немесе гангрена сияқты өмірге тікелей қауіпті ауыр дертке әкеледі», – деп ескертті дәрігер.
Маманның қорытындылауынша, тромбтар кез келген жарақат кезінде қан кетуді тоқтатып, тіннің тез жазылуын қамтамасыз ететін басты қорғаушы саналады. Алайда қантамырлар сау болмай, ішінде атеросклероз түйіншектері пайда болса, қан ұйындысы шұғыл медициналық араласуды қажет ететін қауіпті асқынуға айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







