Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны кезінде баспанасынан айырылған қазақстандықтарға арналған жаңа үйлерге «ең арзан және сапасыз заттар сатып алынып жатыр» деген қауесетке пікір білдірді, — деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұндай сауалды Бозымбаевқа журналистер қойды.
«Өңірлерден қазақстандықтар «ең арзан әрі сапасыз заттар алынып жатыр» деп жазып жатыр. Су тасқыны кезінде олар әлдеқайда қымбат жиһаздары мен тұрмыстық заттарынан айырылды. Енді олар өте арзанын алады екен. Бұл ақпарат қаншалық рас?»- деп сұрады журналистер Бозымбаевтан.
Премьер-министрдің орынбасары апаттан зардап шеккен үйлерге жиһаз және техника сатып алу мәселесімен әкімдік айналыспайтынын айтты.
«Сіз айтқанның бәрі шындыққа сәйкес келмейді. Әкімдіктер жиһаз бен техника сатып алуға міндетті емес. Егер қазір үйлерге жиһаз бен техника қойылып жатса, бұл — демеушілердің есебінен алынған қосымша заттар. Сондықтан әкімдіктер өздері техника да, жиһаз да сатып алмайды», — деп түсіндірді Қанат Бозымбаев.
Сонымен қатар, журналистер Бозымбаевтан келесі жылға қатысты су тасқыны болжамын сұраған еді. Премьер-министрдің орынбасары оны Құдай білетінін айтты.
«Оны кім айтады? Алладан сұраңыз… Су тасқыны бола ма, болмай ма? Оны Алладан сұраңыз», — деді премьер-министрдің орынбасары.
Оған қоса Үкімет су тасқыны апатынан зардап шеккендерге кім қандай көмек көрсеткенін де жариялады.
«Көп журналист су тасқынынан зардап шеккендерге қандай кәсіпкерлер қандай жолмен көмек көрсеткенін сұрайды. Бұл кестеде өңірлер бойынша қандай кәсіпкерлер қазір тұрғын үй сатып алуға және жөндеуге қанша сома бөлгені көрсетілген. Сонымен қатар, олардың бір бөлігі «Демеу» және «Қазақстан халқын» қорларына қаржы аударды. Қалғанының бәрі өңірлерде қорларға аударылады немесе жергілікті кәсіпкерлер көмектеседі. Бүгінде қаражаттың шамамен 40 пайызы игерілді. Бірақ әлі жаздың ортасына жеткен жоқпыз, бізде қатаң кестелер бар, — деді вице-премьер.